Munarmedia.kz 26.02.2026 /Astana/Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлескен жедел іс-шара барысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды Индонезия аумағында ұстады.
Күдікті Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түскен. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу мәліметінше, өткен жылдың қараша айында Атырау облысында ер адам пайдакүнемдік ниетпен және ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар аясында жұбайының ата-анасын алдын ала жоспарлап өлтірген.
Қылмыс ізін жасыру мақсатында күдікті марқұмдардың денесін шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған және олардың мүлкі мен ақшасын иемденген.
Күдіктімен бірге оның бұрынғы жұбайы да анықталған. Ол бұған дейін халықаралық іздеуде «хабар-ошарсыз кеткен» адам ретінде тіркелген.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылуда. Құқық қорғау органдары халықаралық құқықтық рәсімдер аясында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Ресми органдар қылмыстық істің мән-жайы бойынша қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.