Ауғанстандағы алтын өндіру Орталық Азия қауіпсіздігіне қатер төндіруде

38

Munarmedia.kz 26.02.2026 /Astana/ Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасына жақын аудандарда алтын өндіру қарқыны күрт артты. Бұл жағдай соңғы уақытта тәжік шекарашылары мен заңсыз алтын іздеушілер арасындағы қақтығыстар мен атыстардың жиілеуіне себеп болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, мәселе тек экономикалық емес, өңірлік қауіпсіздік тұрғысынан да алаңдаушылық туғызуда.

Соңғы екі жылда жағдай ауқымды сипат алды. Ауғанстанның Тахар және Бадахшан провинцияларына мыңдаған техника — экскаваторлар, жүк көліктері мен арнайы жабдықтар жеткізілген. Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты «алтын апокалипсисі» деп атап кеткен.

Қазіргі таңда өңірде шамамен бес қытайлық, екі түркиялық компания және елдегі ірі наркобарондардың бірі саналатын Хаджи Башир Нурзаймен байланысты отызға жуық кәсіпорын, сондай-ақ жүзден астам өзге де ірі-ұсақ құрылым жұмыс істейді.Өндіру жұмыстары Чахаб ауданында, сондай-ақ Тәжікстанның Хатлон облысымен шектесетін Шахри-Бузург пен Рогистон аудандарында жүргізілуде. Шетелдік компаниялар өндірілген алтынды сыртқа экспорттаса, ауған кәсіпкерлері оны Кундуз, Тахар және Кабул нарықтарында өткізеді.

Бадахшан провинциясы пайдалы қазбаларға аса бай өңір саналады. Мұнда алтыннан бөлек, лағыл, лазурит, платина және басқа да бағалы минералдар өндіріледі.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы алтын өндіруден бюджетке шамамен 900 млн көлемінде кіріс түскен. Сарапшылардың бағалауынша, тек шекара маңында күн сайын шамамен 60 млн көлемінде алтын өндірілуде.

Алайда табысты бөлу мен саланы реттеу тетіктері ашық емес. Аналитиктердің айтуынша, пайданың едәуір бөлігі делдалдар мен қарулы топтардың қолында қалып отыр, ал қарапайым тұрғындар табиғи ресурстарды игеруден мардымды пайда көрмейді.

Экологтар қарқынды өндіріс ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіріп жатқанын ескертеді. Құнарлы алқаптар біртіндеп құмды алқаптарға айналуда. Ұзақ мерзімді перспективада бұл өңірдегі ең күрделі экологиялық мәселелердің біріне айналуы мүмкін.

Қосымша шиеленіс шекара сызығының өтуіне байланысты туындап отыр. 1970-жылдардағы келісімге сәйкес шекара Пяндж өзенінің ортасымен өтеді. Алайда өзен арнасы өзгерген жағдайда қолданылатын нақты механизмдер қарастырылмаған.

Соңғы жылдары өзен арнасы Ауғанстан жағына қарай ығысып, даулы аралдар пайда болуда. Мұндай жағдайда алтын іздеушілердің шекараны кесіп өтуі жиілеп, тәжік тарапының наразылығын тудыруда. Ресми түсініктемелер мардымсыз.

Сонымен қатар Тәжікстан жағында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өзен ағысына әсер етіп, аумақтық келіспеушіліктерді ушықтыруы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, қытайлық және түркиялық компаниялар Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан алтын өндіруді жалғастыра береді. Бұл жағдай экологиялық ахуалды ушықтырып қана қоймай, Ауғанстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында қосымша шиеленіс факторына айналуы ықтимал.

Мұндай ахуал бұған дейін де аймақта талқыланған Кош-Тепа каналы төңірегіндегі дауларды еске салады. Су және табиғи ресурстарға қатысты мәселелер алдағы уақытта да өңірлік қауіпсіздік күн тәртібінен түспейтіні анық.