Munarmedia.kz 30.09.2025 /Астана/ Халықаралық интернет-мониторинг қызметі NetBlocks Ауғанстанда интернеттің толық өшірілгенін растады. Бұл – «Талибан» билікке келген 2021 жылдан бергі алғашқы толық ауқымды ажырату. Тек интернет қана емес, елдегі телефон байланысы да іркіліске ұшыраған.
«Намыс пен мораль» ұранының көлеңкесінде
«Талибан» өкілдері бұл қадамды «қоғамдық моральды сақтау шарасы» деп түсіндіреді. Шын мәнінде, бұл шешім – ақпаратты толық бақылауға алу мен сыртқы әлемнен оқшауланудың айқын белгісі. Бұған дейін қыркүйек айының ортасында елдің солтүстігінде талшықты-оптикалық интернетті «азғындықтың алдын алу үшін» өшірген еді.
Қайшылықты ақпараттар
AP агенттігі желінің тек Балх провинциясында ажыратылғанын хабарласа, Reuters деректеріне сәйкес, интернет бес аймақта – Балх, Кундуз, Бадахшан, Баглан және Тахарда болмаған. Алайда соңғы деректер елдің түгелдей дерлік желіден ажыратылғанын көрсетіп отыр.
XXI ғасырдағы оқшаулану
Ақпараттық дәуірде интернетті толық өшіру – халықты білімнен, сыртқы әлеммен байланыстан, еркін пікір алмасудан айыру деген сөз. Бұл жағдай Ауғанстан қоғамын одан сайын тұйықтап, гуманитарлық дағдарысты тереңдете түсуі ықтимал.
«Альтернатива» деген не?
«Талибан» өкілі журналистерге «елдің қажеттіліктерін өтеу үшін балама жүйе құрылады» деп мәлімдеді. Алайда оның қандай жүйе болатыны, халықаралық стандарттарға сай келе ме, жоқ па – беймәлім. Мұндай «балама» көбіне толық мемлекеттік цензура мен қатаң бақылауды көздейтіні анық.
Ауғанстанның толық интернетсіз қалуы – тек техникалық мәселе емес, саяси таңдау. Бұл оқиға қоғамның еркін ақпаратқа қолжетімділігін шектеудің қаншалықты ауыр салдары болатынын әлемге тағы бір мәрте көрсетті.