Аумақ мәселесін Путинмен жеке кездеспей шешу мүмкін емес — Зеленский Абу-Дабидегі келіссөздер қарсаңында

19

Munarmedia.kz 01.02.2026 /Астана/ Украина президенті Владимир Зеленский чехиялық БАҚ-қа берген сұхбатында аумаққа қатысты мәселені Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу болған жағдайда ғана шешуге болатынын тағы да атап өтті.

Зеленскийдің айтуынша, аумақтық дауларды техникалық деңгейдегі жұмыс топтарының кездесулерінде шешу мүмкін емес.

«Кем дегенде, қандай да бір форматта Ресей Федерациясымен, Ресей басшысымен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі болуы тиіс. Мұндай форматсыз, менің ойымша және мен көріп отырғандай, біздің командалар аумақ мәселесі бойынша келісімге келе алмайды», — деді Украина президенті.

Бұл сұхбат Зеленскийдің Украина, Ресей және АҚШ өкілдерінің қатысуымен өтетін үшжақты келіссөздердің жаңа кезеңі қарсаңында берілді. Аталған келіссөздер 1 ақпанда Абу-Дабиде өтеді.

Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жазғандай, Ресей тарапы бұл келіссөздерден елеулі серпіліс күтпейді және оларды техникалық сипаттағы кездесу ретінде бағалап отыр. Ал аумаққа қатысты даулар «басшылық деңгейінде қабылданатын саяси шешімдерді қажет етеді».


Айта кетейік, 2026 жылғы 23–24 қаңтарда Абу-Дабиде өткен үшжақты келіссөздерден кейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Зеленскийге Владимир Путинмен тікелей келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге келуді ұсынған болатын. Бұған жауап ретінде Украина президенті Путинді Киевке шақыруы мүмкін екенін айтқанымен, келіссөздердің Мәскеуде немесе Беларусьте өтуіне қарсы екенін мәлімдеді.

«Бұл — мемлекеттердің бірі бізге қарсы соғысты бастап, жүргізіп отырған, адамдарымызды өлтіріп жатқан агрессор ел, ал екіншісі сол әрекеттердің серіктесі болып табылатын мемлекеттер. Сондықтан мұндай форматты қабылдамаймын», — деді Зеленский.