Байтақ неге Құрылтайға өтпеді?

70

Munarmedia.kz | 25.08.2026 | ASTANA«Байтақ» — бүгін пайда болған партия емес.
Оның тамыры Олжас Сүлейменов бастаған «Невада–Семей» қозғалысына барып тіреледі.
2015 жылы «Байтақ-Болашақ» экологиялық қозғалысы құрылып, кейін республикалық деңгейге шықты.

Ол кезде «Таза ел» идеясы көтерілді.
Азаматхан Амиртаевтың бастамасымен 18 млн түп ағаш отырғызылды.
Ағаш отырғызу, су мәселесі, Арал мен Семейдің тағдыры, табиғатты қорғау, өндірістің қоршаған ортаға зияны туралы сөз болды.
Кейін бұл идеялардың бірқатары мемлекеттік саясатқа айналды. Бүгін бүкіл ел «Таза Қазақстан» ,-деп айтып жүр дейді белгілі ғалым, журналист Серік Ерғали өз жазбасында.
Осындай құнды идеяларды алғашқылардың бірі болып саяси деңгейде көтерген «Байтақ» неге Құрылтайдан сырт қалды?
Тіпті Қазақстанда су мәселесін тұрақтындыру мақсатында су және ирригациялар министрлігін құру идеясы да ұсынысы да осы "Байтаққа" тиесілі еді.
Оны қазір кім айтып жатыр?

Меніңше, жауапты партияның ішінен емес, мемлекеттің экологияға деген көзқарасынан іздеу керек.
Өйткені экология бүгін Қазақстандағы ең қауіпті мәселелердің біріне айналды.
Бурабайдың жағалауы қоршалып, табиғи аумақтар коммерциялық нысандарға айналып жатыр.
Көлі ластанып кетті.
Зерендіде көл жағасына талас күшейді. Баянауылда, Көлсайда және басқа да табиғи демалыс орындарында табиғатты қорғау мен пайда табудың арасы алшақтап барады.
Кір қожалақ киіз үйлер мен алба-жұлба ағаш үйлер мен палаткалар қою туризм бе?
Алакөл, Бурабай, Көкжайлау туралы Президент қаншама сын айтты?
Тыңдаған Үкімет, Парламент, әкімдер мен министр бар ма?
Көл көрінсе — қоршау.
Бос жер көрінсе — құрылыс.
Тау көрінсе — карьер.
Орман көрінсе — демалыс орны.
Табиғаттың бәрін ақшаға айналдыруға болмайды.
Заңсыз карьерлер жердің асты-үстін қопарып жатыр.
Су мәселесі күрделеніп келеді. Аралдың қасіреті аяқталған жоқ. Семейдің зардабы ұмытылған жоқ. Батыста мұнай өндірісінің экологиялық мәселелері қордалануда.

Ал біз табиғатты қорғауды акция өткізумен ғана шектеп жібердік.
Экология — ағаш отырғызу ғана емес.
Экология — экономикалық саясат.
Су кімнің қолында?
Жер кімнің бақылауында?
Табиғи аумақтар кімге беріліп жатыр?
Көл жағасындағы бизнес кімнің мүддесіне қызмет етеді?
Карьерлерге кім рұқсат береді?
Өндірістің адам денсаулығына келтірген зияны үшін кім жауап береді?
Міне, мәселе осында.
Сондықтан «Байтақтың» Құрылтайға өтпеуі мені партияның жеңілісінен гөрі экологиялық саясаттың жеңілісі ретінде алаңдатады.
Парламентте экологиялық проблеманы табанды көтерген Еділ Жанбыршин сияқты депутаттар болды.
Оны неге дауыс ұрлағыш "Әділет" қатарына қоспады?
Қазіргі Құрылтайда әділетсіз сайланған бес партияның ішінде эколог бар ма? Жоқ.
Елдің жаңа саяси кезеңде табиғат мәселесін жүйелі түрде көтеретін күштердің әлсіреуі — жақсы белгі емес.
Демек туризм мен экологиядан пайда көріп отырғандар жеңді.

Өйткені табиғатты бүлдіріп, одан миллиардтаған пайда тауып отырғандар үшін экологиялық бақылаудың күшеюі тиімді емес.
Оларға су мәселесін қатты көтеретін депутат қажет емес.
Оларға заңсыз карьерлерді сұрайтын депутат қажет емес.
Оларға табиғи аумақтардың жекеге берілуін тексеретін депутат қажет емес.
Оларға мұнай өндірісінің экологиялық зардабын ашық айтатын саяси күш қажет емес.
Сондықтан «Байтақ» Құрылтайға неге өтпеді деген сұрақтың астарында әлдеқайда үлкен мәселе жатыр.
Қазақстан табиғатты қорғайтын саясатқа бет бұра ма, әлде табиғатты пайдаланудан пайда табатын саясат жалғаса бере ме?
Бүгін біз экологияның бүлінуін тек табиғат мәселесі деп қабылдаймыз.
Бұл — үлкен қателік.
Ластанған ауа — денсаулық мәселесі.
Уланған су — ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Құнарсызданған жер — азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі.
Жойылған орман — климат мәселесі.
Ал табиғи байлықтың талан-таражға түсуі — мемлекеттің экономикалық мәселесі.
Демек, экологияны қорғау — мемлекетті қорғау.
«Байтақ» екі сайлауда да Құрылтайға өте алмады.
Бірақ табиғаттың мәселесі Құрылтайға өтпей қалған жоқ.
Ол біздің алдымызда тұр.
Және күн сайын күшейіп келеді.
Бір күні табиғаттың өзі біздің барлық саяси есебімізді жоққа шығаруы мүмкін.
Жердің де, Судың да шегі бар. Табиғаттың да шыдамы бар.
Мемлекет бірнеше халықаралық саммит өткіздік, үлкен мінберден айттық деген көзбояушылық ғана.
Ол сөз. Нақты әрекет жоқ.
Елде жылына 340 мыңға жуық адам рактан өлуде.
Ішек, қан тамыры, жүрек т.б созылмалы аурулар күшейіп келеді.
Химикатталған қытайдың өзі жемейтін зиянды азық-түлік миллион тонналап елге кіріп жатыр.
Зардабын тартатын халық.
Зиян шегетін табиғат.
Бұл түрімен қазақ даласы үлкен зиратқа айгалмаса игі.
Сондықтан бүгін «Байтақ неге өтпеді?» деп қана емес, «Байтақ көтерген экологиялық мәселелерді кім көтереді?» деп сұрауымыз керек.
Өйткені табиғатты бүлдіру арқылы байығандар бүгін ұтқанымен, оның есебін ертең бүкіл қоғам төлейді.
Қайран, «Байтағым»! Сен Құрылтайға өтпедің. Бірақ сен көтерген мәселе — Қазақстанның болашағының мәселесі еді...