Монғолияның Баян-Өлгей аймағының орталығы
Өлгей қаласында Монғолия Парламентінің екі мәрте депутаты, Моңғолияның Еңбек
ері Бәделхан ұлы Класбайдың есімі ұлықталып, ескерткіш орнатылып, ас берілді. Ескерткішті
аймақ әкімдігінің рұқсатымен батырдың ұрпақтары мен туған-туыстары орнатты.
Жасынан қара жұмыстың қазанында қайнап,
бар ғұмырын мемлекеттің иглігі үшін ерең еңбек еткен Класбай ағамыздың тағдыры
да сан қилы, абыройлы өтті.
1949 жылы Ұланқұс сұмынының «Қызытөбе»
деген жерінде өмірге келіп, төрт жасында әкесінен айырылған Класбай өмірге
шындалып, еңбекке ерте араласты. Тау-кен саласының мамандары тапшы кезеңде
мектепті бітірген Класбай осы саланы таңдады. Тау-кен техникумын тәмамдаған соң
эксковатор-машинисі мамандығын алып шыққан батыр Хотгор көмір кеншінде еңбек
жолын бастап, көп уақыт өтпей-ақ «Озат кенші» атанып, Мәскеуге жатар ұйымының
жолдамасымен бір ай демалуға аттанды.
1978 жылы Орталық Комитеттің арнайы
тапсырмасымен Төв аймаққа қарасты Багануур кеншіне ауысып, бригадир қызметін
Қазақ еліне қоныс аударғанға дейін атқарды.
Мемлекеттің жоспарын артығымен орындап,
отыздан астам жас мамандарды тәрбиелеген тәжірбиелі маманның еңбегін ескерген
Үкімет МХР Ұлы Құрылының депутаттығына екі мәрте сайланды.
Еселі еңбегін ескерген Монғол Үкіметі «Алтын
жұлдыз» орденімен «Еңбекке құрмет», «Үздік кенші», «Үздік жас жұмыскер», жыл
үздіктері, еңбек екпіндісі медальдарімен марапатталды.
1990 жылы 9 наурызда Монғол Үкіметінің
Жарлығымен «Еңбек ері» атағы беріліп, «Сүхбаатар» орденімен марапатталды. 1991
жылы атақонысқа көшіп келіп жұбайы Мұсақызы Базарханмен бірге ұлдарын ұяға,
қыздарын қияға қондырып, баянды ғұмыр кешіп 2011 жылы өмірден озды.
«Ер еңбегі ешқашан ұмытылмас» дегендей,
артында елі, халқы, ұрпағы бар адамның есімі ешқашан өлмейді. Міне соның дәлелі
ретінде жұбайы, балалары мен туғандары жиналып ескерткіш тас орнатып, ас беріп
Класбай марқұмның рухына дұға бағыштады.
Өмріден көргені көп, түйгені бар азаматтың
ұл, қыздары да саналы, еңбекқор болып өсті. Өз тарапымыздан марқұмның рухына
тағзым ете отырып, ұрпақтарына үлгі боларлық игілікті іс жасағаны үшін
алғысымызды білдіреміз.
Munarmedia.kz ақпарат агенттігі