Баяжума Асылбек. ӘДІЛЕТ және «басқарылатын саяси ұйымдар»: Қазақстан қай бағытқа бет алды?

257


Қазақстанда тағы бір партия құрылмақ. Атауы – «ӘДІЛЕТ». Атауының өзі-ақ қоғамдағы әділет бар ма, жоқ па деген  ең ауыр сұрақтарға жауап беріп тұрған сияқты. Қазіргі қоғамның ең бастысы сұранысы әділеттіік. Ал билікке жетіспейтіні әділет.

Бірақ мәселе атауда емес. Мәселе – осы партияның пайда болуы нені білдіреді?

Бұл шынымен билік ішінде пайда болған саяси элитаның өз ішінен бөлінуі ме, әлде әлдеқайда күрделі, терең саяси процестердің көрінісі ме?

 

Жаңа партия туралы хабар шыққан сәттен бастап, қоғам екіге бөлінді. Бірі – “бұл билік ішіндегі бөліну” деді. Екіншісі – “реформалардың жалғасы” деп қабылдады.

Жалпы Қазақстан қоғамы елдегі саяси реформаларға сенбейтін болғалы қашан. Әр саяси науқан алдында түрлі жолдар тауып билікті сақтап келе жатқан элита ортаға тағы бір ойыншыны шығарды.

Алдыңғы сайлауларда «Нұр Отан» атауын өзгертіп «Аманат» болып Парламентке өтсе, келесі сайлауда Ринат, Мақсат, Бақытжан т.б қоғамда ақиқатты айтып жүрген азаматтарды пайдалану арқылы қоғам сеніміне ие болды. Енді жаңа партия құру арқылы жеңіске жетпек. Әрине бұл партия Аманатты да «сынап» қоятын Ақорданың мықты сценаристінің жасаған кезекті ойыншығы екенін халық түсініп отыр.

Алайда Қазақстандағы саяси тәжірибе әсіресе саясатта кездейсоқ нәрсе болмайтынын дәлелдеп берді.  Әсіресе партия құру мәселесіне келсек, жаңа саяси күш жүйенің өз  ішінен, оның өз өкілдерінің қатысуымен пайда болса, онда бұл – қарсылық емес, жобалау.

Бұл – бөліну емес, қайта құру.

AMANAT партиясынан шыққан тұлғалардың жаңа ұйым құруы сырт көзге “жікке бөліну” сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл – саяси алаңды қайта форматтау.

Билік бір партия арқылы барлық топтарды ұстап тұра алмайды. Уақыт өте келе ол да сыр беретіні хақ. Оның басты себептері:

  • элиталар әртүрлі бағытқа бөлінеді
  • қоғамның сұранысы өзгереді
  • жаңа риторика қажет болады

Міне, дәл осы жерде жаңа партиялар пайда болады.

Бірақ олар жүйеге қарсы емес.
Олар – жүйенің ішіндегі ойыншылар. Алдағы бірнеше жылдарға бағытталған ойын. Бұған дейін өткен Парламенттік реформалар мен Конституциялық реформалардың барлығы жүйені сақтап қалудың және жүйені басқаратын адамның жан- жағын биік дуалдармен қоршап «халық» деген бәлекеттен аулақ ұстаудың әдісі екенін көзі соқыр ғана көрмеуі мүмкін.

Ешқандайда «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстан» болған емес. Бұл иллюзия. «Ескі Қазақстан» өз орнында және тым берік. Оны бір жолы бұзып тастау мүмкін емес. Сонымен қатар бұл саяси реформаның барлығы тіпті Назарбаеевтың тақтан кетуі де алдағы жиырма, отыз жылдықты қамтитын алдын-ала ойластырылған ойын, мықты сценарий екені сөзсіз. Әлемде осындай саяси ойындар болды ма? Иа,  Әлем бұны әлдеқашан көріп, басынан өткерген.

Мысалы, ХХ ғасырдағы Мексикада «Institutional Revolutionary Party» ондаған жыл бойы билікті ұстап тұрды. Елде басқа партиялар болды. Сайлау өтті. Парламент жұмыс істеді.

Бірақ нақты билік  формасы  өзгерген жоқ.

Саяси өзгерістер бар сияқты, саяси өзгерістер әне-міне орын алатын сияқты көрінгенмен орнынан қозғалмайтын поезд сияқты бір орында тұра берді.

Ресейде де ұқсас жүйе қалыптасты. Единая Россия негізгі күш болса, қалған партиялар “балама” рөлін атқарды. Кейбіреулері тіпті арнайы сайлау алдындағы электоратты бөлу үшін құрылған “спойлер-партиялар” ретінде бағаланды.

Орталық Азияда да бұл модель таңсық емес. Бір доминант партия, оның айналасында бірнеше “рұқсат етілген” бәсекелес партияшықтар бар.

Бұл  бір партиямен  басқарылатын «көппартиялық» жүйе. Бұрыңғы Мәжіліс депутаты, көпбалалы аналардың мұң-зарын айтамын қуылған Г.Танашева «Мәжілісті маңызды мәселе қаралатын болса парламенттегі партия фракцияларының басшыларын жинап, сен қолдайсың, сен қарсы боласың, сен қалыс қаласың» деп алдын ала тапсырма береді» деді.

Сенаттың бір депутатымен сырласқанымызда «Бізде бәрі қатаң. Әрбір тақырыпты Мәулен Әшімбаев тексеріп барып береді. Кім сөйлейтінің алдын ала белгілейді. Оқитын баяндама Сенат аппаратынан өтіп, Әшімбаевпен тексеріліп барып бірақ оқылады» деп еді. Міне сырттай көппартиялы жүйе тәрізді көрінген, іште бәрі толық басқарумен жүзеге асырылады. Бұрын Парламентті сынап, айтыста ел қолдауына ие болып жүрген Ринат сынды азулы ақындарға неге Аманаттың көзі түсті. Билік пен мансап беру арқылы, азулының аузын жауып, тұқыртып тастау. Міне ол ойын толыққанды жүзеге асты. Енді Ринаттар Мәжілістен кетсе де артық кете алмайды.

 

2022 жылғы Конституциялық референдум кейін билік “Жаңа Қазақстан” туралы айтты. Реформалар жарияланды. Саяси жүйені жаңарту қажеттілігі мойындалды деді. Жүйе айтты. Халық сенген сияқты болды. Конферениялар, форумдар ұрандатып, жалаулатып өтті.

Кез келген реформаның екі түрлі жолы болады. Біріншісі бақылаусыз бәсекеге жол беру немесе бәсекесіз басқарылатын жол. Қазіргі таңда Қазақстан осы екінші жолды таңдады.  «ӘДІЛЕТ» осы саясаттың логикалық жалғасы сияқты.

Қазақстанға жаңа партия не үшін керек?

Біріншіден, қоғамдағы
әділетсіздік, теңсіздік, тарифтер, табыс айырмашылығы , жемқорлық, бюрократизм мен трайбализм қазіргі қазақстан қоғамының күн тәртібінен түспейтін аса маңызды әлеуметтік сұрақтарының бірі. Бұлардың бірі Қазақстан тәуелсіздігін алғалы шешілген емес. Алдағы уақытта да шешілмеуі мүмкін. Себебі әрбір жүйенің билікке өту үшін қоғам арасында маңызды болып саналатын мәселені көтеріп, итке сүйек тастаған сияқты бұқараны таластырып қоятын жанама әдістердің бірі.

Екіншіден, элиталардың қозғалысын реттеу. Яғни қазіргі Аманатшылардың көбі ескі жүйеде көп жыл істеген азаматтар. Оларды біртіндеп саяси сахнадан кетіріп, жаңа аманатшыларды қалыптастару транформациясын жүргізу қажет. Сондықтан да
бір партия ішінде бәрін ұстап тұру мүмкін емес болғандықтан  жаңа “алаңдар” керек.

Үшіншіден, сайлау алдындағы сценарий үшін.
Бәсекелестіктің имитациясын жасау керек. Әйтпесе бізбен саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынастағы демократиялық елдер мен бізге миллиардап қарыз беріп отырған әлемдік қаржы ұйымдары мен БҮҮ т.б халықаралық ұйымдар түсінбей қалуы мүмкін. Тіпті санкцияларда салып тастауы ғажап емес. Алайда бұл жанама өзгерісте қазіргі саяси жүйе үшін  қауіпсіз болуы тиіс.Сондықтан да төменнен партия құрып, бастарына бәле тілегенше сол аманаттың ішінен жастау бөлігін алып, жаңа ұйым құрған әлдеқайда тиімді болары сөзсіз.

Алдағы сайлау: шынайы бәсеке ме, әлде сценарий ме?деген сұрақ көпті мазалайды.

Егер әлемдік тәжірибеге қарасақ, Қазақстандағы келесі парламент сайлауы бірнеше сценарийдің біріне ұқсайды.

Бірінші – ең ықтимал варианты доминант партия сақталады, жаңа партиялар белгілі бір пайыз алады, қалғандары – жүйелік фон ретінде аз-мұздаған «квота» алу арқылы Құрылтайға барады.Алайда олардың дауысы мен ұсыныстары жүйені өзгертуге ешқандай әсері де болмайды.

Екінші – “витрина эффекті». Бәрі бәсекеге ұқсайды, бірақ сайлаушылар үшін ірі нәтижелер мен үлкен өзгеріс әкелмейді.

Үшінші – сирек,
жаңа партия күтпеген жерден шынайы күшке айналады. Мұндай оқиғалар бұрын тарихта болған.

Бұл сценарий әзірге Қазақстанда  жүзеге аспайды. Бірақ толық жоққа шығаруға болмайды.

Құрылтайдан дәмесі бар партиялардың көтеріп жүрген күн тәртіптері маңызды болғанмен тар сегментті, әлеуеті әлсіз. Бизнеске жақын, жүйеге кіріктірілген ойыншылар. Олардың ешқайсысы әзірге билікті толық өзгерте алатын деңгейде емес.

 

Ең маңыздысы  партиялардың саны емес емес сапасында, саяси еркіндігіде. Өз бетімен шешім қабылдай алмаса, қоғаммен тікелей байланыс орнатпаса, тек сценарийдің бөлігі болса, онда ол қандай жаңа ұйым болса да, ештеңе өзгермейді.

 

Қазақстанда бүгін болып жатқан процесс – партиялар арасындағы күрес емес. Бұл – саясаттың өзін қайта жобалау.

«ӘДІЛЕТ» – жаңа ойыншы емес. Ол – жаңа рөл.

Алайда осы рөлдің шекарасы бар ма? Қай жерден тоқтатуы мүмкін. Егер ол шекара кеңейсе – саясат өзгереді.
Егер тар күйінде  қалса  бәрі бұрынғыдай жалғасады.

Сондықтан бүгінгі күннің басты сұрағы
Қазақстанда  тағы қандай жаңа партиялар құрылады емес, нақты саяси экономикалық өзгерістер бола ма? деген сұрақ қоғамды мазалауы керек.

 

Баяжума Асылбек, саясаттанушы