Қазақстандағы Orda.kz медиасына жасалған тінтулер, редактор Гүлнар Бажкеноваға қатысты қозғалған қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Оқиға жай ғана бір медианың мәселесі емес, елдегі сөз бостандығының шынайы жағдайын айқындап беретін индикаторға айналды.
Қоғам екіұдай пікірде: бір тарап бұл — белгісіз топтардың әрекеті немесе “ескі Қазақстанның” рецидиві десе, екінші тарап мемлекеттің ашық қоғам құру бастамасына қайшы әрекеттердің бірі ретінде қабылдады. Мен бұл жерде жеке тұлға немесе жеке медианы қорғап отырғам жоқ.
Соңғы жылдары қоғамда сенім тудырмайтын, фейк ақпарат таратты деп жиі сыналатын Г.Бажкенова мен Orda.kz жұмысының күмәнді тұстары көп.
Қаржыландыру көздері туралы сұрақтар аз емес: бірі — Ресей ықпалы десе, енді бірі — елдегі түрлі топтардың жобасы, ЕСУ-ге қарсы мақалалар жариялағаны үшін дейді.
Үйінен табылды деген ірі сомалар да қоғамда күдік тудырды. Алайда мәселе жеке медианың айналасындағы дауда емес. Мәселе — елдегі жалпы БАҚ кеңістігінің қазіргі ахуалында.
🟦 БАҚ-ты қыспаққа алу — қоғамның мемлекеттік басқарк институтына деген сенімін жоюда.
Қазақстанда соңғы жылдарда бірнеше журналист пен тәуелсіз медиаларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, сотталуы, қоғамда “елді қайтадан үнсіздікке итермелеу басталды ма?” деген алаңдаушылық туғызды.
Мұндай әрекеттер “Әділетті Қазақстан” концепциясына деген қоғам сенімнің әлсіреуіне әкелді. Қателігін мойындай алмай, сыннан қорқатын билік топтары ақпараттық кеңістікті тұншықтыру арқылы Президент бастамаларының өзін дискредитациялап отыр ма?
Жаңа Қазақстанға қарсы реваншистік күштер процеске араласып, билік пен қоғам арасына жік түсіруге тырысып жатыр ма? Бұл сұрақтар кездейсоқ туып отырған жоқ.
🟦 БАҚ қысымға түскен сайын саяси жүйең де халықаралық аренада сенімсіз атандырады.
🟦 “Orda.kz" ісі” жекелеген медиаға емес, жүйеге қатысты сигнал. Бұл оқиға бірнеше факторды айқындады:
1) Мемлекеттік органдардың ақпараттық саясатында жүйелік дағдарыс бар. Түсіндіру жұмысы әлсіз, ашықтық жоқ, коммуникация мәдениеті қалыптаспаған.
2) Құқық қорғау органдары әлі де ескі модельмен жұмыс істейді. Тінту, қамау, қорқыту — бұл ХХ ғасырдың әдістері.
3) Сыннан қорқу — мемлекеттің институционалдық әлсіздігін көрсетеді.
АҚШ-та Трампқа өткір сұрақ қойған журналистер қамауға алынған жоқ.
Францияда Макронды сынаған адамға қылмыстық іс қозғалмайды.
Британияда премьер-министрді әжуалаған материалдар — күнделікті норма.
Өркениетті елдерде БАҚ — қауіп емес, керісінше биліктің сапасын арттыратын механизм.
🟦 Журналистерге қарсы әрекеттердің бүкіл мемлекетке әсер етері сөзсіз.
-инвестициялық климат нашарлайды;
-жастар елден кетеді;
-әлеуметтік жарылыстар қаупі артады
-мемлекеттің халықаралық бедел төмендейді.
-Президент бастамалары дискредитацияланады.
БАҚ-ты тұншықтыру — демократиялық модернизацияны тежейтін ең қауіпті фактор.
Мемлекеттік тапсырыс арқылы беделді БАҚ сатып алып, тек мақтай бергеннен ел дамымайды. Медальдің екінші жағын көрсетіп, қоғамның әрі жүйенің проблемасын ашық көрсететін, обьективті һәм дәлелді сын айта алатын, сараптамалық -ақпараттық БАҚ болғаны дұрыс. Әйтпесе өз өтірігімізге өзіміз тұншығып өлеміз. Журналистер халықтың көзі һәм құлағы. БАҚ өкілдері елдегі құқықтық нормалармен қорғалмаған, аз жалақы алатын, материалдық жағынан қамтылмаған топтың өкілдері.
🔵 Orda.kz, Думан Мұхамедкәрім т.б журналистер төңірегіндегі орын алған дау жеке бір журналистің мәселесі емес. Бұл — Қазақстандағы сөз бостандығының, ашық қоғам бастамасының және жаңа саяси мәдениет құру процесінің қаншалықты әлсіз екенін көрсетіп берген оқиға. БАҚ еркіндігі — қоғамның демі. Демді тарылту — мемлекеттің болашағын тарылту деп есептеймін. "Ауруын жасырған өледі"-деп атам қазақ тегін айтпаған.
Баяғыда АҚШ Президенті Трумен Сталинге "Біздің елде демократия. Кез-келген азамат Ақүйдің алдына келіп "Трумэн жынды" деп айғайласа, ешкім соттамайды" депті.
Үнсіз тыңдаған Сталин" Бізде де демократия. Кремльдің алдына келіп "Трумэн жынды" деп айғайлай берсін. Ешкім соттамайды депті.