ASTANA, 14.06.2026, Munarmedia.kz-Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері көппартиялық жүйе қалыптастыруға ұмтылып келеді.
Бүгінде елде ресми түрде сегіз саяси партия тіркелген. Кешегі «Аманаттың» сьезінде жақында құрылған «Әділет» партиясына қосылды. Алдағы уақытта тағы қандай өзгерістер болары белгісіз. Сырт көзге қарағанда саяси таңдау бар сияқты.
Бірақ мәселе партия санының көптігінде емес. Мәселе –
олардың қоғамға қандай идея ұсынып отырғанында. Халыққа қажеттісі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық. Табыс көзінің
жоғары болуы мен құқықтық қауіпсіздік.
Қарапайым халықтың бұл талабы өзгерген жоқ. Инфляция
өсіп келеді. Таза ауа, экология
нашарлап барады. Су мәселесі ушығып тұр. Экология ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі проблемаға айналды.Ауылдардың
жағдайы күрделі. Мектептер жабылып, жұмыссыздық салдарынан
ауылдан қалаға урбанизация шекті деңгейден асып кетті. Үкімет басты назарды инфрақұрылым, жаңа
қалалар салуға жұмсап жатса, идеологиялық жағынан ақсап келеміз. Тіл мәселесі, ұлтаралық
және дінаралық қатынас саласында елеулі өзгерістер орын алмады.
Мемлекеттің мұндай
идеологиялық тұрақсыздық және белгісіздік жағдайында біздің саяси партиялар
халықтың мәселесімен шынайы айналысп жүр ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.
«АМАНАТ» пен «ӘДІЛЕТ»: биліктің
бір бөлшегі
«Аманаттың» «Әділетпен» бірігуі соңғы жылдардағы ең маңызды саяси оқиғалардың бірі болды.
Алайда қарапайым азамат үшін бұл өзгерістің нақты
нәтижесі қандай?
Бір партияның
атауы өзгергенімен, халықтың күнделікті өмірі өзгеріп кеткен жоқ. Халықтың әл ауқаты көтерілмейді,
бағалар түспейді, коммуналдық тарифтер төмендемейді, эколгиялық ахуал
өзгермейді, саяси билік қаз-қалпында қала береді.
Аманаттың тарихы терең.
Сонау тоқсаныншы жылдың тоқырау жылдарында құрылған «Отан» партиясының жалғасы.
Кейіннен «Нұр Отан», «Аманат» болып өзгерді. Халық бұл партияға арқа сүйеп «Нұр
Отан» кезінде сенді. Проблемаларын айтты. Шешімін күтті. Әділдік күтті. Алайда
соңғы жылдары «Нұр Отан» да, «Аманатта» биліктің сойылын соғып, бюрократиялық
жолға түсіп, халықтың сеніміне селкеу түсірді. Бұқара әділдікті Құдайдан іздеп
кетті. Дәл осы кезде түрлі діни көзқарастағы уағызшылардың «жолы» болып кетті.
Халықсыз «Аманат» өзін-өзі дәріптеп, мақтап, қағаз баяндама мен слайдтың
көрсеткіштерімен өз жайына кетті.
Өткен сайлауда елге танымал
азаматтарды өз қатарына тарту арқылы ақиқатты айтатын, мәселені көтеретін,
ашықтықты қолдайтын партия ретінде көрініп, сайлауға өтіп алды. Обалы қанеки,
Ринат, Мақсат, Нартай, Еділ, Қазыбек сынды азаматтар біршама мәселеле көтерді.
Алайда Мәжілістен көпбалалы аналардың хал ахуалын айтып салған Гаухар Танашеваны
Парламенттен кетірген кезде арттары ашылып қалды.
Сөйтсек, мәжілістің маңғаз
депутаттары Қошановтың бақылауымен ғана мәселені көтеретіні анықталды. Ал
Мәулен Әшімбаев тіптен бір сенаторды тырп еткізбей ұстап отырды. Арнайы
сценраиімен жалғасқан жиындарының нәтижесі шамалы болды. Не Үкімет тыңдамады,
не халық қолдамады. Саяси технологиялары мен отыз жылдық сценарилерінің күл
талқаны шықты.
Міне, енді кәрі жыланның
кейпіндегі «Аманат» жас жыланның терісіне жармасып, сыртқы түсін өзгерткенімен,
ішкі бейнесі сол қалпында қалатын ертегінің кейіпкеріне айналып қалды. «Әділетке»
қосылуымен «Аманаттың ақыры» болмайды. Тура осы күйінде аздаған жаңашылдық
енгізумен саясаттарын ары қарай жалғастыра береді. Мұны есі дұрыс
сайлаушылардың барлығы түсініп отыр. Билік халықтың өскенін, саяси сауатының
артқанын түсінбей келеді.
Ең бастысы «Аманат» та «Әділетте»
қоғамның барлық саласын бақылауда ұстағысы келеді. Мемлекет әр салаға жеке-жеке
партия құрып қойды. Дегенмен шамасы келмесе де, түсінбесе де тұмсығын тығып,
әкімшілік ресурстарды пайдалану арқылы бірде -бір мәселені шеше алмады.
Керісінше ушықтырды.
Сондықтан көптеген азаматтар
бұл процесті саяси жаңғырудан гөрі саяси қайта құрылымдау ретінде қабылдайды.
«АҚЖОЛ» партиясына келсек, өзін
кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын партия ретінде танытып келеді.
Нарықтық экономика үшін
бизнестің дамуы маңызды екені сөзсіз. Алайда халықтың бәрі кәсіпкер емес. Олар
мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, зейнеткерлер, ауыл тұрғындары. Бұқараның мәселесі
көбіне әлеуметтік әділеттілікпен, денсаулықпен және экологиялық қауіпсіздікпен
байланысты.
Кәсіпкерлерде қорғайтын, қолдайтын қаншама заңдар
қабылданды. Президенттің өзі тікелей бақылауда ұстап отыр.
Сонда кімнің мүддесі үшін құрылған партия екені
түсініксіз болып кетті.
Сондықтан бизнес мүддесін қорғау маңызды
болғанымен, ол ұлттық саясаттың басты мақсатына айналмайтыны белгілі.
«Республика»
партиясы өзін жаңа буынның партиясы ретінде көрсетуге тырысады. Алайда жас партия да биліктің де, халықтың да,
кәсіпкерлердің үдесінен шықпады. Өзара Мәжілісте орын ауыстырудан басқа жас
кәсіпкерлерге тиімді, пайдалы істер жасады деп айту қиын. Сондықтан да екі
партияны да қосып жіберсе өкінетін адам шамалы болар еді. Енді «ЖСДП» партиясына
келсек, кезінде биліктің жобасы ретінде құрылса да сайлауларда кәдімгідей
бәсеке тудырып, Жармахан Тұяқбай бастаған экс-прокурорлар мен Болат Әбілов сынды
бизнесмендер басқарған партия шынымен билікті тығырыққа тіреп еді. Қазіргі
таңда бұл партияның бар-жоғы белгісіз, аса билікке де, халыққа пайдасы жоқ
партияның бірі деп есептеуге болады.
Ал «Қазақстанның халық партиясы» бұл еліміздегі
ескі көздер коммунист кемпір, шалдарға ермек болатын, ресейшілк көзқарастағы,
орыс тілділерді көбірек қолдайтын нақты мақсат-міндеті айқындалмаған
партиялардың бірі. Ертісбаевтың өзі де әлеуметтік желідегі түрлі риторикасымен
халық пен биліктің арасына сына қағып, шатыстырып отыратын адамға ұқсап кетті.
Сондықтан да халық бұл партияның артынан қызыл туын көтеріп кетеді дегенге сену
қиын. Дегенмен бұл партияның электрораты Солтүстік өңір екені сөзсіз. Сондықтан артқа қарап жалтақтамай, алдыға
қарай ұмтылып, дамуға талпынған мемлекет үшін «ЖСДП» мен ҚХКП» тарих тереңіне
жіберетін кез келді.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ
ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚАЖЕТ?
Менің ойымша, Қазақстандағы қазіргі партиялық жүйе әлі де болса
қалыптасу кезеңінде тұр. Партиялар көп болғанымен, олардың бағдарламалары мен
электоралдық базалары көбіне бір-біріне ұқсас. Нәтижесінде қоғам нақты
идеологиялық таңдаудан гөрі саяси брендтер арасындағы бәсекені көбірек көріп
отыр.
Сондықтан Қазақстандағы партиялық жүйені идеологиялық тұрғыдан
ықшамдау мәселесін ойланатын уақыт жеткен сияқты.
Мәселен, «Әділет», «Аманат», «Ақ жол» және «Республика» партияларының
бағдарламаларына қарасақ, олардың барлығы дерлік нарықтық экономикаға,
кәсіпкерлікті дамытуға және мемлекеттік институттарды қолдауға басымдық береді.
Сондықтан оларды шартты түрде орталықшыл немесе оңшыл бағыттағы саяси бірлік ретінде қарастыруға болады.
Ал экологиялық, әлеуметтік әділеттілік және халықтың әлеуметтік
қорғалуы мәселелерін көтеретін солшыл күштерді бір платформаға топтастыру да саяси
жүйенің айқындығын арттыра түсер еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Байтақ» жасылдар
партиясы, социал-демократиялық бағыттағы күштер және әлеуметтік саясатты
жақтайтын топтар ортақ күн тәртібі төңірегінде ынтымақтаса алар еді. Яғни әлемдегі бірінші мәселеге айналып
кеткен экология мәселесін көтеріп отырған Қазақстанның «Байтақ» жасылдар
партиясының құрамына осы екі партияны қосу арқылы экологиялық, әлеуметтік
мәселені шешудің және бұқара халықты саясат пен биліктің дұрыс жолда келе жатқанына
көз жеткізуге болатын жалғыз жол ретінде таңдауға болар еді.
«Байтақ» партиясы билік
құрамында жоқ, ары таза мемлекеттен
қаржылық қолдау алмайтын таза партия. Оның көтеріп жүрген күн тәртібіндегі
мәселелері халықтың ертеңі, денсаулығы мен тұмса табиғатының таза сақталуын
қамтамасыз етуге жұмыс жасай алатын партия. Алайда биліктің және қаржылық қолдаудың жоқтығы мен экология
саласын түсінбесе де түрлі партиялардың бұл мәселені брендке айналдырып,
халықтың жанды жеріне тиіп, ешқандай шешім шығара алмай, экологиялық бағыттағы
партияның толыққанды жұмыс жасауына, көрінуне мүмкіндік бермей отырғаны хақ.
Оның үстіне Президент «Таза Қазақстан» бағдарламасы мемлекеттің басты
идеологиясына айналу керек деп айтты. Міне сол идеологияны жүзеге асыратын
партия бар. Тек оның Құрылтай құрамында өзін көрсетуге, нақты жұмыс жасауына
мүмкіндік беру керек. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев ең жасы әрі шетелдік
білімі бар, саяси және мемлекеттің қызметте болмаған яғни саяси номенклатурщик
емес, креативті жас бизнесмен-саясаткер. Сондықтан да алдағы сайлауда «Байтақ»
партиясының халықтың дауысын аларынан сенім мол.
Әрине, жоғардағы
партиялардың оңтайландыру, бағыт-бағдарын айқындауды, біріктіруді мемлекет
емес, партиялардың өздері, өз мүшелерінің еркімен және демократиялық рәсімдер
арқылы шешуі тиіс.
Еуропаның көптеген мемлекеттерінде саяси бәсеке негізінен екі немесе
бірнеше ірі идеологиялық лагерь арасында жүреді. Консерваторлар,
либералдар, социал-демократтар, жасылдар және басқа да ағымдар. Мұндай жүйе
сайлаушыға өзінің нақты саяси көзқарасын
анықтауға, рухани құндылықтарды таңдауына мүмкіндік береді.
Қазақстан да біртіндеп осындай айқын әрі түсінікті саяси модельге
қарай жылжуы қажет.
Қазақстан халқының саны
әлемдік алып мемлекеттермен салыстырғанда көп емес. Сондықтан қоғамды
руға, жүзге, өңірге, діни немесе өзге де тар топтық мүдделерге бөлу емес,
азаматтық бірегейлікті күшейту маңызды.
Бір мемлекет, бір Конституция, бір ұлт, ортақ ұлттық мүдде, ортақ даму мақсаты біздің саяси партиялардың және олардың соңынан ерген халықтың басты ұстанымы болу керек.
Партиялардың атаулары әртүрлі,
пікірлері мен көзқарастары түрлі болған басты мақсат мемлекеттің тұрақтылығы
мен дамуы, халқының әл ауқатының жақсаруы болуы керек. Басқа мүдде болуы мүмкін
емес. Партия халық сеніміне сүйенеді. Халық партияның ашықтығы мен алғырлығына,
іскерлігіне сүйенеді. Әйтеуір барлығымыз партиялық жолмен сайлауды таңдаған
екенбіз, ендеше елдегі партиялардың да сайлау уақытында ғана емес, мемлекет пен
оның халқының мүддесі үшін күнделікті таламй еңбек етуін талап етуге құқығымыз
бар.
Қазақстанның болашағы саяси алауыздықта емес, бәсекеге қабілетті экономикада, әділетті қоғамда, таза экологияда және ұлттық бірлікте жатыр.
Егер барлық саяси күштер дәл осы құндылықтарды басшылыққа алса, онда партиялар арасындағы бәсеке мемлекетті әлсіретпейді, керісінше оның дамуына қызмет етеді.