Қазақстан экономикасы: өсім, инвестиция және инфрақұрылымдық серпін

55


ASTANA, 14.06.2026, Munarmedia.kz – Қазақстан экономикасы 2025 жылы тұрақты өсім көрсетіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптастырды.

Ресми деректерге сәйкес, елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,5 пайызға өсіп, шамамен 160 триллион теңгеге жетті. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері ретінде көлік-логистика, құрылыс және сауда салалары аталып отыр.

Мемлекеттік бюджетке 21,4 триллион теңге көлемінде кіріс түскен. Салық түсімдері 2,2 триллион теңгеге артқан.

Парламент депутаттары кірістердің бір бөлігінің бюджетке толық түспеуіне алаңдаушылық білдірген. Үкімет өкілдері мұны мұнай секторынан түсетін табыстардың тікелей Ұлттық қор-ға бағытталуымен және қосылған құн салығы бойынша бизнеске 1,3 триллион теңгеден астам қаражаттың қайтарылуымен түсіндірді.

Қазіргі таңда экономиканың дамуында жеке сектордың рөлі басым. Инвестициялардың 80 пайыздан астамы жеке капитал есебінен қамтамасыз етілген. Елге 20 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған.

Бұл қаражаттар негізінен нақты секторды дамытуға бағытталған. Соның нәтижесінде елде жылдық қуаттылығы 160 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік беретін екі ірі автозауыт іске қосылған.

Ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Биылғы маусымда диқандар 26 миллион тонна астық жинап, өсімдік майы экспорты көлемін едәуір арттырды.

Инфрақұрылым саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 11 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ұлытау – Қызылорда автожолы жобасы биыл толық аяқталуы жоспарланса, Қарағанды – Жезқазған автожолы құрылысы ай соңына дейін басталады.

Сарапшылардың пікірінше, инвестициялық белсенділіктің артуы мен инфрақұрылымдық жобалардың кеңеюі Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #Экономика #ЖІӨ #Инвестиция #Инфрақұрылым #ҰлттықҚор #АуылШаруашылығы #ЖолҚұрылысы #Жаңалықтар