Әлемде тыныштық пен бейбітшілік орнау үшін халықаралық
қауымдастық күш біріктіру керек. Бұл Украина соғысын тоқтатып, келісімге
келудің басты шарты.
Ресей Президенті Владимир Путин 2014 жылдан бері екі
рет Украинаға шабуыл жасап, тәуелсіздігін мойындамай отыр.
Алайда оның арам ойы, украин халқының көзсіз ерлігінің
арқасында жүзеге аспады. Көптеген сарапшылар, Ресей Украинаны жаулап алған
жағдайда, Қазақстанға тап беруі мүмкін
деседі. Мұның растығына күмәнім бар. Әлем елдері Ресеймен сауда-саттық,
экономикалық және саяси байланыстарын үзіп жатқан кезде Қазақстанға арқа сүйеп
отыр. Иә, шовинистік көзқарастағы Ресей үшін ондай арам ой олуы да ғажап емес.
Қазақстан қазіргі таңда Еуропа елдерімен де, көршілес
Қытаймен де тіл табысып, түркі әлемінің көшбасшы елдерінің қатарында
болғандықтан әскери күшпен кіріп келуі неғайбыл. Иә, Ресейдің Қазақстанды қосып
алып, Белорусьпен бірге Одақтас Республика құру арманы да жоқ емес.
Бірақ өзінің шекарасын бекітіп, Ресейдің экономикалық
жаулауынан барынша басын алып қашуды ойластырып жатқан Орта Азияның бес мемлекеті өзінің тұрақты
саясатын орнатып алған кезде бұл да орындалмайтын арман екені сөзсіз. Сондықтан
да Қазақстан үшін Украина сценарийі жүзеге аспайтынын Путин жақсы біледі.
Сонымен Украинаға оралсақ.Украина халқы екі жарым жыл
бойы тәуелсіздігін қорғап келеді. Дегенмен, Ресей өзінің агрессивті соғысынан
бас тартар емес. Егер Украинаның жақтастары бір шешімге келіп, нақты қадамдарға
бармаса соғыс ұзақ жылдарға созылып, Еуропаның тұрақтылығына зиян келері хақ.
Бұл ретте
милитаристік Ресей Украинаға ғана емес дүниежүзіне қауіп төндіріп отыр. Оның
арты орасан зор қайғы мен қасіретке әкелерін бәрі біледі.
Ресей
бастаған соғыс әлемде энергияның, азық-түліктің қымбаттауына әкелумен қоймай, ядролық
қауіп тудырып отыр.
Халықаралық
құқықтық нормаларды аяққа таптап, Ресей
әлемдік тәртіпті бұзды. Украинаны қолдаушылар біріге отырып, Путинге соғыстың
қалай аяқталу керек екенін ол шешпейтінін түсіндіру керек. Украинадағы соғысты
тоқтатудың бір жолы НАТО-ға мүшелікке қабылдау жолдарын тездету болып отыр.
Путин
соғыстың жалғасқанын қаласа, Зеленский аяқталғанын қалап отыр. Биыл жазда Зеленский
де Швецарияда 90 елдің басын қосып он тармақтан тұратын әлем бейбітшілігінің
формуласын ұсынды. Қазіргі таңда Украинаның соғыс алаңында жетістікке жетуін
қамтамасыз ету қажет.
Ресей
ұшақтары мен дрондары Украина жерінде азаматтық нысандарға соққы жасап, бейбіт
тұрғындарды шығынға ұшыратып отырғандықтан, Украина Ресей аумағында соғыс
жүргізіп, алыстан ататын ауыр қаруларды
қолдануға мүмкіндігі бар.
Ресей
аумағына кіріп ұрыс жүргізу және алыстан нысаналарды атқылайтын ұзақ радиусты
қару қолдануға мүмкіндіктерін шектеу дегеніміз, бір қолын артқа қайырып, бір
қолмен ғана төбелесу дегенді білдіреді. Украина батыс елдері берген қаруларды
нақты әскери нысаналар мен оған қатысты инфрақұрылымдарды жою үшін
жауапкершілікпен қолдана алатынын дәлелдеп бағуда.
Ол үшін
әлем елдері ұзақ мерзімде әскери техникамен, қаржылай қолдау көрсетуге кепілдік
беруі керек. Қазіргі таңда осындай ұжымдық келісімге 30 мемлекет қол қойып
отыр.
Путиннің өз талабын орындату арқылы соғысты
аяқтауын болдырмас үшін, Украина одақтастары қауіпсіздік кепілін бере отырып,
арнайы мамандарды әзірлеу, техникаларды жөндеу жұмыстарына көмектесу, батыстық
әскери техниканы меңгеруге үйрету сынды
жұмыстарды қоса атқаруы тиіс.
Көршілес
елдері әуе қорғаныстарын күшейте отырып, Ресей жерінен Украинаға келіп жатқан
ракеталар мен дрондардың азаматтық инфрақұрылымдарға залалын тигізбеу жағын
қарастырып отырғаны құба-құп болар еді.
Осындай
әрбір қадам алдағы болатын келісім барысында Украина позициясын нық ұстануына
септігін тигізеді. Алайда Еуропа қауіпсіздігі үшін жалғыз жол Украинаны НАТО-ға
қабылдау. Егерде Украина Ресей мен НАТО арасында қалатын болса, соғыс ұзаққа
созылып, адамзатқа қауіп төнетін болады.
НАТО
Украинаға мүшелікке кіруді ұсыну керек. Әрине ұсыныс ала салысымен Украина
НАТО-ға кіреді деген сөз емес. Ол ұзақ процессті талап етеді. Алайда Путиннің
соғысты өз талаптары негізінде аяқтауға бағытталған шешіміне әсер етері сөзсіз.
Асылбек Байжұмаұлы
саясаттанушы