Бестөбеде заңсыз алтын іздеген екі адам қаза болды

50

АСТАНА.21.05.2026.Munarmedia.kz – Ақмола облысындағы Бестөбе   кенішінде заңсыз алтын іздеумен айналысқан екі адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға 19 мамыр күні «Қазақалтын» ЖШС-не қарасты «Центральная» шахтасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 610-горизонт тереңдігінде тау жынысы опырылып, екі заңсыз кен қазушы үйінді астында қалған.

Оқиға орнына жеткен тау-кен құтқарушылары шахта ішіндегі шамамен бір жарым шақырым қашықтықты жүріп өтіп, зардап шеккендерді іздестірген. Алайда екі ер адам да жер бетіне тіршілік белгілерінсіз шығарылды.

Белгілі болғандай, марқұмдар жеңіл табыс табу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысынан келген.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Соңғы жылдары Бестөбе кенішінде заңсыз алтын өндірумен айналысатындардың қатысуымен қайғылы жағдайлар жиілеген. Мамандар мұндай әрекеттердің адам өміріне аса қауіпті екенін ескертіп отыр.

#АқмолаОблысы #Бестөбе #Қазақалтын #Шахта #ҚайғылыОқиға #Полиция #Қазақстан #Munarmedia