АСТАНА.21.05.2026.Munarmedia.kz – Ақтөбе облысында діни алауыздықты қоздырды және терроризмді насихаттады деп айыпталған бұрынғы колледж оқытушысы сотталды.
38 жастағы ер адам соңғы жылдары Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тұрған. Тергеу мәліметінше, ол жергілікті тұрғындарға рұқсатсыз діни уағыздар жүргізіп, құрылыс алаңын насихат орны ретінде пайдаланған. Арнайы діни білімі мен тиісті біліктілігі болмағанына қарамастан, ислам діні бойынша «дұрыс өмір сүру» қағидаларын түсіндіріп отырған.
Алайда оның уағыздарында радикалды әрі зорлық-зомбылықты насихаттайтын мазмұн болғаны анықталды. Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы «дінсіздерге», соның ішінде қысқа киім киген әйелдерге күш қолдану қажет екенін айтып, оларды өлтіруді ақтаған.
Сонымен қатар ол мұсылман мүддесін қорғайтын қарулы құрылымдар құру қажеттігін айтып, діни себептермен зорлық-зомбылық жасауға үндеген. Сондай-ақ мұндай топтардың жетекшілері мен мүшелерін даярлау туралы пікірлер айтқан.
Тергеу барысында ер адамның христиандарды, буддистерді, шииттер мен сопылық бағыт өкілдерін «сенбейтіндер» қатарына қосып, оларға қарсы діни өшпенділік пен кемсітушілік насихаттағаны белгілі болды.
Сотта айыпталушы радикалды идеологияның ықпалына түскенін, қателескенін және кінәсін толық мойындайтынын айтты. Ол төрт баланың әкесі екенін, оның екеуіне алимент төлейтінін ескеріп, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») және 256-бабы 1-бөлігі («Терроризмді насихаттау») бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталған азамат бұған дейін физика және математика пәндерінен үздік оқып, Atyrau Polytechnic College оқу орнында сабақ берген. Оның айтуынша, дінге қызығушылығы намаз оқитын студенттермен араласқаннан кейін пайда болған. Ал діни білімді негізінен интернет арқылы алған.
#Ақтөбе #Қандыағаш #Сот #Терроризм #ДіниАлауыздық #Қазақстан #Қылмыс #Munarmedia