АСТАНА.21.05.2026.Munarmedia.kz – Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Германияда тыңшылық ісі бойынша Қазақстан азаматының ұсталғанын растады. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Erlan Zhetybayev мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, Германияның құзырлы органдары Қазақстан азаматын 2026 жылғы 29 сәуірде ұстаған.
«Қалған ақпарат құзырлы органдар арасындағы байланыс желісі арқылы қарастырылып жатыр. Азаматтың өзі Қазақстанның елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгінген жоқ», – деді Ерлан Жетыбаев.
СІМ өкілдері ұсталған азаматтың жеке басы анықталғанын, алайда Германия заңнамасына сәйкес оның аты-жөнін жариялауға болмайтынын атап өтті.
Бұған дейін Берлинде Қазақстан азаматы Ресей арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталғаны хабарланған еді. Неміс тергеу органдарының нұсқасы бойынша, ол үкіметтік ғимараттарды, саясаткерлердің көліктерін, НАТО әскери колонналарын түсіріп, Украинаға көрсетіліп жатқан әскери қолдау мен Германияның қорғаныс өнеркәсібіне қатысты мәліметтер жинаған.
Әзірге ресми айып тағылған-тағылмағаны және тергеудің нақты барысы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
#Қазақстан #Германия #СІМ #Берлин #Тыңшылық #Қауіпсіздік #НАТО #Әлем #Munarmedia