Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Чарльз III патшаның емдеуден кейін кері әсерлері байқалды

40


Ұлыбритания патшасы Чарльз III жұма күні жоспарланған кездесулерін қатерлі ісікке қарсы емнің жанама әсерлеріне байланысты кейінге шегерді.

Қазір 76 жастағы монарх Лондондағы Кларенс-хаус резиденциясында жұмысын жалғастырып, құжаттармен танысып, телефон арқылы сөйлесіп жатыр, деп хабарлады Букингем сарайы.

Бүгін, жұма күні, Чарльз III Бирмингем сарайында өтетін төрт шараға қатысып, Бирмингемнің Корольдік балет труппасымен кездесуді жоспарлаған еді. Сондай-ақ, ол үш елшіні қабылдауы тиіс болатын. Алайда патша Бирмингемдегі шараларды ұйымдастырушылардан кешірім сұрап, бұл кездесулерді кейінірек өткізуге үміттенетінін жеткізді, деп мәлімдеді Букингем сарайының баспасөз хатшысы.

Чарльз III патша қатерлі ісік диагнозы қойылғанын Букингем сарайы алғаш рет 2024 жылдың ақпан айында хабарлаған болатын. Алғашқы бірнеше айда ол қоғамдық шараларға қатысқан жоқ, алайда кейін жұмыс кестесіне қайта оралды.

Алайда патшаның қандай ісікке шалдыққаны және емдеу барысында қандай жанама әсерлер байқалғаны туралы Букингем сарайы ешқандай ақпарат бермей отыр.

Чарльз III мен королева Камилла осы аптада Ватиканға баруды жоспарлаған еді, бірақ Рим Папасы Франциск ем қабылдап жатқандықтан, бұл мемлекеттік сапар кейінге шегерілді. Дегенмен сәуір айында Италияға жоспарланған сапары әлі күн тәртібінде, бірақ бағдарламасына кейбір өзгерістер енгізілуі мүмкін.