Munarmedia.kz 14.05.2026 /Астана/ – АҚШ президенті Дональд Трамп Иран төңірегіндегі ахуалды талқылау үшін Бейжің қаласына барды. Ақ үй басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, Таяу Шығыстағы жағдай мен Иран мәселесін күн тәртібіне шығармақ.
Трамп Қытайдың ұстанымы халықаралық дипломатия тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай – Иран аймағынан мұнай импорттайтын ең ірі мемлекеттердің бірі әрі қазіргі таңда дағдарысты реттеу мәселесінде конструктивті көзқарас танытып отыр.
АҚШ президенті Вашингтонның Тегеранмен арадағы текетіресті өз бетінше шешуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол мәселені бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі сақталғанын айтқанымен, қажет болған жағдайда «басқа тәсілдер» де қолданылуы ықтимал екенін жеткізді.
«Америка халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде батыл әрі нақты әрекет етеді», – деді Дональд Трамп журналистерге берген қысқаша мәлімдемесінде.
Сарапшылардың пікірінше, Бейжіңдегі келіссөздер Иранға қатысты халықаралық ұстанымдарды үйлестіруге және аймақтағы геосаяси тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, соңғы уақытта Иранның ядролық бағдарламасы мен Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалы халықаралық қауымдастық назарындағы негізгі мәселелердің біріне айналып отыр.