Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға келді

8

Munarmedia.kz 14.05.2026 /Астана/ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Режеп Тайип Ердоған әуежайдан қарсы алды.

Түркия президентінің ұшағы Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан бастап Астана әуежайына дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтарының сүйемелдеуімен жеткізілді.


Әуежайда мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұшақ трапының маңына құрмет қарауылы сап түзеп, ресми делегацияға ерекше құрмет көрсетілді.

Режеп Тайип Ердоған мен Түркияның ресми делегациясын қолдарына Қазақстан мен Түркия тулары ұсталған балалар қарсы алды. Олар қазақ және түрік тілдерінде: «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп ілтипат білдірді.


Салтанатты рәсім барысында әуежай аумағының үстінен Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік тулары бейнеленген тікұшақтар ұшып өтті.

Айта кетейік, Түркия Президентінің бұл мемлекеттік сапары аясында екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады деп күтілуде.