Қырғыз билігі Батыс елдерінің бірқатар банктерді жабу туралы талабын қабылдамады

8

Munarmedia.kz 14.05.2026 /Астана/ – . Бұл туралы Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев Ыстықкөл облысында өткен жиында мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, Батыс елдері кейбір қырғыз банктері Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп күмән келтірген. Осыған байланысты Бішкек халықаралық тәуелсіз аудит жүргізуді ұсынған.

«Әлемде ең беделді төрт аудит компаниясы бар. Тіпті олардың қызмет ақысын төлеуге дайын екенімізді айттық. Егер заңбұзушылық анықталса, содан кейін санкция енгізіңіздер дедік. Алайда олар бізден кейбір банктерді жабуды талап етті. Біз бұған келісе алмаймыз. Өйткені халықтың депозиттері бар. Банктердің жабылуы еліміздің қаржы жүйесіне кері әсер етуі мүмкін», – деді Қасымалиев.

Сонымен қатар, ол күмәнді қаржылық схемаларға қатысы болуы мүмкін жекелеген компанияларға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын және заң бұзушылық дәлелденсе, олардың қызметі тоқтатылатынын жеткізді.

Қасымалиев Қырғызстанның санкцияларды айналып өтуге қатысы жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, республика Ресеймен тығыз экономикалық байланысын сақтап отырғанын айтты.

«Біз Ресейден бензин, жанар-жағармай, ағаш, металл және басқа да тауарлар аламыз. Сонымен қатар, көптеген қырғызстандық мигранттар сол елде жұмыс істейді. Олар елге тұрақты түрде ақша аударып отырады», – деді ол.

Министрлер кабинеті төрағасының сөзінше, елдің банк жүйесінде рубльдің кең қолданылуы заңсыз операциялармен емес, негізінен еңбек мигранттарының ақша аударымдарымен байланысты.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Еуропалық одақ Қырғызстанға қатысты санкцияларды айналып өтуге қарсы тетікті алғаш рет қолданған болатын.