Ақмолада «Алға, Қазақстан!» партиясы комитет төрағасының соты басталды

6

Munarmedia.kz 14.05.2026 /Астана/ – Қазақстанда тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» партиясы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Амангелді Джахин ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

12 мамыр күні Ақмола облысында өткен алғашқы сот отырысы прокурордың өтініші негізінде жабық форматта ұйымдастырылды. Қорғаушылар соттың ашық өтуін талап еткенімен, сот олардың қарсылығын қанағаттандырмаған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Амангелді Джахинге қатысты Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлігі («Экстремистік қызметке қатысу») және 258-бабы 1-бөлігі («Экстремистік қызметті қаржыландыру») бойынша айып тағылған.

Амангелді Джахин 2023 жылы «Алға, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі Марат Жыланбаев қамауға алынғаннан кейін аталған оппозициялық бастаманың қызметін үйлестіре бастаған.

Еске салсақ, Марат Жыланбаев бұған дейін Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын қаржыландырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қозғалысты шетелде жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқарады.

Амангелді Джахин 2025 жылғы 18 қарашада Көкшетаудағы пәтерінде жүргізілген тінтуден кейін ұсталған. Белсенді өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Оның серіктесі Сергей Измайлов бұл қылмыстық қудалауды саяси астары бар іс деп бағалайды. Измайловтың айтуынша, тергеу «экстремизмді қаржыландыру» ретінде Джахиннің Жыланбаевқа үкім шықпай тұрып 20 мың теңге аударғанын және бастамаға қатысушылардың біріне шамамен 50 мың теңге жібергенін алға тартқан. Тергеу нұсқасы бойынша, аталған қаражат кейіннен Мұхтар Әблязовқа жолданған болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. Қоғам белсенділері мен құқық қорғау ұйымдары сот процесінің әділ әрі ашық өтуіне қатысты алаңдаушылық білдіруде.