2025 жылғы 7 наурыз – АҚШ президенті Дональд Трамп пен Канаданың премьер-министрі Жастин Трюдо телефон арқылы кедендік салықтар мәселесін талқылады. Әңгімеден кейін Трамп әлеуметтік желіде жазба жариялап, Трюдоны тағы да "Канад штатының губернаторы" деп атады.
Сол күні Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында бір журналист АҚШ-тың фентанил мәселесін сылтау етіп, Канадаға қосымша кедендік салықтар енгізуі орынды ма деген сұрақ қойды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт бұл сұраққа:
"Сіз менен президенттің кедендік салықтарды енгізудегі әділ себептерін сұрап тұрсыз, бірақ бұл шешімді сіз қабылдамайсыз. Себебі сіз – президент емессіз" деп жауап берді.
Тағы бір журналист Трамптың Трюдоны "Канад штатының губернаторы" деп атауы нені білдіретінін сұрап, АҚШ Канадаға 51-ші штат ретінде қосылу жоспарын қарастырып жатыр ма деген мәселені көтерді. Левитт бұл сұраққа:
"Канаданың 51-ші штат атануы канадалықтар үшін өте тиімді болар еді, өйткені бұл жағдайда олар кедендік салықтарды төлеуден босатылады. Президент Трамп бұған толық сенімді" деп мәлімдеді.
Бұған дейін Жастин Трюдо Трамп әкімшілігінің сауда соғысын бастағанын "ақымақтық" деп атап, оның түпкі мақсаты Канаданы экономикалық құлдырауға ұшырату арқылы оңай аннексиялау екенін айтқан болатын.