Өзбекстан мен Түркия президенттері стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Бірлескен декларацияға қол қойды. Анкарада өткен аса маңызды басқосудың мына бір Fragment-іне назар аудардық.
Соңғы бірнеше жылдың бедерінде Түркия Ташкентке инвестицияны үйіп-төгіп жатыр. Өзбек-түрік бірлескен кәсіпорындарының саны сәт санап ұлғайуда.
Өзбек-Түрік Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы Ердоған мен Мирзияевтың төрағалығымен өтті.
"Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің құрылуы өзбек-түрік қатынастарының тарихындағы жаңа парақты ашып, барлық саладағы әріптестікті одан әрі дамытуға қуатты серпін берді" деді Шавкат ака.
Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша былтыр 260 жаңа өзбек-түрік бірлескен кәсіпорны құрылып, Түркияны Өзбекстандағы бірлескен кәсіпорындар саны бойынша үшінші орынға көтерген. Осылайша өзбек жерінде түрік капиталымен қаржыландырылатын кәсіпорындар саны 1 898-ге жетті.
2023 жылы екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстерінің жиілігі де 2,5 есеге артып, аптасына 90 рейске жетті. Өзбекстанға келетін түрік туристерінің саны үш есеге артқан.
Екі ел екіжақты сауда айналымын қысқа мерзімде бес миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Қазіргі таңда Cengiz Holding, Aksa Energy, Çalık Holding, Akay Inşaat, Anadolu Group, Özgüven және Eczacıbaşı Holding секілді жетекші түрік компаниялары Өзбекстанда 100-ден астам жобаны жүзеге асыруда.
Ең бастысы: Мирзияевтың сапары кезінде құны 10 миллиард долларлық жаңа инвестициялық жобалар портфеліне қол қойылды. Екі елдің көлік және логистика әлеуетін арттыру, соның ішінде Орта дәліздің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың маңыздылығы айтылды.
Ердоған Мирзияевты шетел азаматтарына беретін ең жоғарғы мем.марапат – Республика орденімен марапаттады.
Әріптесіне алғыс білдірген Мирзияев: "Екі ел арасындағы кешенді стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы декларацияға қол қойылған күні Түркия Республикасының осындай жоғары марапатын алу мен үшін үлкен құрмет" – деп мәлімдеді.