АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев түркі әлемінің ең ірі рухани әрі тарихи-мәдени киелі орындарының бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.
ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген кесенеде мемлекет басшылары ұлы ойшыл әрі сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің және осы жерде жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті.
Мәртебелі меймандарға XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесене кешені туралы мәлімет берілді. Тарихи нысан әртүрлі көлемдегі 35 бөлмеден тұрады. Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метр болса, сыртқы биіктігі 41 метрге жетеді.
Президенттер кесенедегі қабірхана, қазандық залы, әйгілі тайқазан мен қола лауһаны тамашалады. Сонымен қатар түркі-ислам әлемінің танымал ойшылдары мен ақындарының 45 кітабынан құралған арнайы көрме ұсынылды.
Экспозицияға Диуани хикмет, Хамса, Әлішер Науаидің ғазалдары, Сүлеймен Бақырғани еңбектері, Шахнаме, Ләйлі-Мәжнүн және Манас жырының үзінділері қойылған.
Сапар барысында Режеп Тайип Ердоған кесенеге Осман дәуірінің атақты каллиграфы Ахмед Шемседдин Карахисари жазған қолжазба Құранды сыйға тартты.
#Ердоған #ҚожаАхметЯсауи #Түркістан #Тоқаев #ТМҰ #ЮНЕСКО #ТүркіӘлемі #Munarmedia