Тоқаев ТМҰ-ны әскери одаққа айналдыру идеясын қолдамайтынын айтты

92


АСТАНА.16.05.2026.Munarmedia.kz – Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын әскери альянсқа айналдыру туралы пікірлерге қатысты ұстанымын білдіріп, Қазақстан мұндай бастамаларды қолдамайтынын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, соңғы уақытта Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Оның ішінде ұйымды әскери немесе геосаяси блок ретінде көрсетуге тырысатын көзқарастар да бар.

«Соңғы кезде әскери альянс құру туралы пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс ниеті бізге түсінікті. Сондай-ақ мұндай көзқарастардың мақсаттары татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталмағаны белгілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұндай ұстанымдарды қабылдамайтынын атап өтті. Оның сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба да, әскери ұйым да емес.

«Бұл – бауырлас мемлекеттердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетінің тарихи мұрасын сақтау бағытында жасанды интеллект негізіндегі арнайы цифрлық платформаны құруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, түркі халықтарының бай мұрасын зерттеу мен сақтау – тек тарихи жадыны жаңғырту ғана емес, сонымен қатар ортақ бірегейлік, бірлік пен ынтымақтастықтың маңызды көрінісі.

Мемлекет басшысы әзірленетін құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын қорғау мен насихаттаудың құқықтық негізіне айналатынын айтты. Сондай-ақ бұл бастама ЮНЕСКО аясындағы осы бағыттағы жұмыстың ауқымын кеңейтуге ықпал етпек.

#Тоқаев #ТМҰ #ТүркіМемлекеттеріҰйымы #ЖасандыИнтеллект #ЮНЕСКО #ТүркіӨркениеті #Munarmedia