Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Ержан Жаубай. Жылқыны соғым деп ғана танитын күйге түстік

127


Ассалаумағалейкум. «Munarmedia.kz» сайтының оқырмандары. Бүгіңгі сұқбатымыз «Аrgymaq.kz»сайтының бас редакторы, белгілі журналист Ержан Жаубайұлымен қазақстың қасиетті қанаты саналатын жылқы малы туралы сұқбаттасқан едік. Назарларңызға ұсынамыз.

 Жалпы қазақ үшін жылқы малы несімен құнды?

- Қазіргідей экономикалық немесе саяси тіпті ақпараттық соғыс жайлаған уақытта жылқыдан құндылық іздеу қаншалықты дұрыс деген сауал алға шығады. Иә, баяғыдай жылқы – адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі болып тұрған заман болса, құндылық ретінде қарауға болар еді. Ал дәл бүгін жылқыдан рухани да, экономикалық та құндылық іздеу ақылға сыйымсыз. Олай деуімізге бірнеше себеп бар. Қазіргі таңда жылқы, әсіресе қазақ жылқысы әлемдік экономикаға да, спорттық-саясатқа да, сауда-саттыққа да араласа алмайды. Өзіміз осыған жеткіздік. Тәуелсіздік алған 30 жылда жылқы десе көз алдымызға қазы-қартадан басқа ештеңе елестемейтін деңгейге жеттік. «Қазақ жылқыны қолға үйреткен», «Қазақтан басқа ел аламан бәйгеге шаппайды», «қазақ пен жылқы егіз ұғым» дегенде кеудеміз көріктей болады. Ал бәйгеге тек шетелдік шиаяқтарды, ағылшын, арабыны қосамыз, спорттық жылқы түгелге дерлік шетелден әкелінеді.

Ет-сүт бағыты дейміз бе? Қазақстан 2023 жылдың алғашқы 8 айында өзге елдерге 0,2 тонна ет экспорттаса, одан түскен қаржы 2,6 мың доллар болған. Ал импорт 1207,9 тонна болса, оған 2972,9 мың доллар жұмсаппыз. Осы жерде Өзбекстанға 95 тірі жылқы (40 тонна ет есебінде) сатылғанын, одан 31,7 мың доллар пайда тапқанымызды да айта кетуге болады. Керісінше ТМД елдерінен 1247 тірі жылқыны (немесе 258,6 тонна етті) 184,5 мың долларға сатып алдық. Мұнан бөлек өзге елдерден 21,6 мың долларға таза қанды 76 жылқы сатып алыппыз. Осыдан-ақ экспорттаушы елден гөрі импорттаушы ел екенімізді байқауға болады. Ал қымыз туралы айтпай-ақ қояйық.

Соншама жылқылы ел бола тұра, жылқы саны бойынша 2022 жылғы дерек бойынша 143 елден алғашқы бестікке кірсек те, жылқыны соғым деңгейінен асыра алмадық. Оны мойындауымыз керек. Бір кезде Кеңес үкіметінде алғашқы орынға шыққан ғасырдан астам тарихы бар жалғыз зауытты өз қолымызбен құрттық. Қазір ондағы 50-ге жетпейтін жылқыны есепке алудың өзі қорқынышты. Халқымыз «мал – бір жұттық» деген.

Осылай болса, жылқыдан қандай құндылық іздейміз? Жылқы бар, бірақ ат спортына жарамсыз. Жылқы бар, бірақ ет экспортына жарамсыз. Жылқы бар, бірақ қымыз өндірісі атымен жоқ. Жылқы бар, бірақ асыл тұрымдысы 1 пайызға да жетпейді. Жылқы бар, бірақ әлі күнге дейін жылқы етін импорттап аламыз. Жылқы бар, бірақ жылқытану кафедрасы, маманы жоқ. Осы ма біздің құндылық? Қазақ жылқысы десе қазы-қарта, жал-жая, қойға мінетін бірнеше тұғыр. Бұл құндылыққа жатпайды, ағайын!

Рас, ат мінген қазақтың көңілі өсіп, қайғы-мұңын ұмытатыны анық. Рас, жылқы қазақ руханиятының ажырамас бөлігі... болған... Қазір олай дей алмаймыз. Қала маңындағы ақшасын төлеп, бес-он шақырым шауып өту – жылқы құндылығы емес. Жылқының құнын арттырамыз десек жылқыға қатысты кешенді бағдарлама қабылдау керек. Оның ішінде ұлттық руханияттан бастап, қарапайым шаруашылыққа дейін ескерілуі керек. Себебі, «Қазақтың жылқыға қатысты мақал-мәтелдері» жинағын құрастырушы ретінде айтайын, қазақ тіліндегі төл сөздердің 70 пайызға жуығы тек көшпенді өмірге, мал шаруашылығына тікелей қатысты. Демек жылқыны сақтау арқылы біз тілдік қорымызды да сақтай аламыз. Қазақ үшін басты құндылығының өзі осы болуға тиіс.

Қазақстандағы жылқы шаруашылығын дамыту үшін не істеу керек?

- Бұл – бұған дейін талай айтылған мәселе еді. «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» дегендей, бұған дейін жылқытанушы ғалымдардың, жылқы шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, жылқы жанашырларының айтқанын жоғарғы жақ құлағына да қыстырмаған. Кешегі жиында Президент тапсырма беріп еді, тиісті мекемелер құрдай жорғалады. Жалпы біздің елде Президент пәрмен бермесе жергілікті басшылар, Үкімет өз білермендігімен саусақ ұшын қимылдатпайды.

Ақыры құрылатын болған екен, жоқтан бар жақсы дегендей, бұған да шүкір! Бірақ, басы таудай, аяғы қылдай болып, бөлінген қаржы қстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек. Әлгі, «Қыз Жібек» фильмінде Қыз Жібектің Төлеген мен Бекежанға айтатыны бар еді ғой, «Бір елдің өліп-талып көрген аз қызығын бір көшке жеткізбедіңіздер ғой» дейтін. Сол секілді, жылқы жанашырларының өліп-талып қолы жеткен институты сиырқұймышақтап кетпеуін тілейміз.

Ал енді бұл институт қалай жұмыс істеуі керек, оның дамуы үшін қандай алғышарттар керек дегенге осы саланың нақты мамандары жауап бере жатар. Бірақ, осы салада азды-көпті қалам тербеп жүрген журналис ретінде әрі осы салаға қатысты елдегі жалғыз сайттың бас редакторы ретінде соңғы 10 жылда түйгенімізді айтып көрейік.

Ең әуелі маман мәселесін шешіп алу керек. Елдегі Аграрлық университеттердің бірде бірінде жылқытану факультеті жоқ. Қазіргі жылқытанушы ғалымдардың ең жасы елуге жақындаса, қартының алды 90-ға таяды. Бірнеше жылдан кейін елде жылқытанушы ғалым таппай қалуымыз мүмкін.

Екінші мәселе – мемлекеттің қарамағындағы жылқы зауыты болуы керек. Себебі институттың тәжірибесі бар, сынамасы бар, селекциялық жұмыстары бар, оның бәріне жекеменші жылқы шаруашылықтары келісе бермейді. Немесе институтқа бөлінген қаржының көбі сол жеке шаруашылықтардың қалтасына кетеді. Себебі институт зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жекенің жылқысын жалдап (арендаға) алуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, шаруашылықтың бәрі жылқысын асылдандыруға келісе бермейді. Өйткені асылдандыру процесі кемінде 5-10 жыл уақыт алады. Жылқымен күн көріп отырған шаруалар мұндай ұзақ мерзімге келіспейді.

Үшінші мәселе – бұрын жергілікті жерде селекциялық инспекциялар жұмыс істеген. Соларды қайта қалпына келтіру керек. Бұл институт жұмысын өңірлерде дамытуға өте үлкен септігін тигізеді. Мысалы Астанадағы институт Маңғыстаудың Бейнеуіндегі шаруашылықта қанша асыл тұқымды жылқы барын білу үшін сол жерге барып зерттеу жүргізбейді ғой. Оны сол жергілікті жердегі инспекция анықтап, орталыққа мәлімет беріп отыруы керек. Екіншіден – ббұл кешегі жиында Президент айтқан асыл тұқымды 40 мың жылқы деген деректі анықтауға да мүмкіндік берер еді.

Төртінші мәселе – жылқышы табу. Иә, қазір жылқышы табу шөп арасынан ине табудан қиын болып кетті. Институт ашылып, оған маман дайындалып, жеке жылқы зауыты ашылатын болса, сол зауытқа жылқының жайын білетін бақташы табу мәселесі де өзекті.

Институт жұмысын жолға қою үшін жалғастырып айта беруге болады. Бірақ одан келіп-кетер жоқ. Ал ғылыми орталық құрылса, негізгі керекті дүниелер осылар болса керек деп ойлаймын.

 "Арғымақ.кз" сайтының мақсат, міндеті қандай?

- Бұл сұрағыңызға қысқаша ғана айтайын. Себебі, бұл сайттың ашылғанына биыл 10 жыл болды. Мақсат, міндеті айқындалған, елге танылған сайт. Басында қызығушылықпен басталды. Қазір мұндай сайттардың керегін ел білді. 10 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатуының өзі сайттың халыққа керек екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да жылқыға қатысты дүниелерді түгендеп, оқырманға ұсына береміз.

Асыл тұқымды жылқы өсіру қай өңірде дамыған?

- Нақты мына өңірде асыл тұқымды жылқы көп деп айта қою қиын. Сосын, жаңа да айтып жатырмын, Президент атап өткен 40 мың асыл тұқымды жылқы деген дерек қайдан келді? Егер ол Алматыдағы Зауыттық жылқы тұқымдары палатасы мен Ақтөбедегі ет-сүт бағытындағы жылқы тұқымдары палатасының дерегі бойынша дайындалған болса, онда елдегі Адай, Мұғалжар, Көшім және Қостанай жылқылары мен шетелден бәйгеге деп алып келіп, бәйгеге жарамсыз болып қалған соң үйірге салып, содан туған құлындарды «қолтума» атап жүрген будандарды асыл тұқымды деуіміз керек. Егер осы болжаммен қарайтын болсақ, асыл тұқымды жылқысы ең көп өңірлер қатарында Ақтөбе, БҚО, Маңғыстау облыстары тұрады. Ал жалпы жылқы саны бойынша алғашқы орында Түркістан облысы тұрады.

 

 Мемлекет осы салаға қаншалықты назар аударып отыр?

- Бұған дейін тек Президент тапсырмасымен ғана мойын бұрып келді ғой. Мысалы Қостанай жылқысын сақтап қалуға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы 2023 жылы Қостанай жылқысы мен адай жылқысын дамытуға үкімет 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлді. 2022 жылы тек Қостанай жылқысын дамытуға 600 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған болатын

Бірақ, қаржы қанша көп бөлінсе де, әзірге нәтиже жоқ деуге болады. Себебі 130 жылдық тарихы бар «Қазақ тұлпары» зауыты әбден жетесіне жетіп, тұралап қалған. Сонымен қатар кезінде Кеңес үкіметін дүрілдеткен тұқымды қайта қалпына келтіру – бүгін айтып, ертең нәтижесін көре қоятын шаруа емес. Кемінде 10 жыл уақыт керек. Мына құрылып жатқан институттың жұмысы да сондай, нәтижесін алдағы 10-15 жылда көрсек, ең тез болғаны.

Ал тікелей Президент тапсырмасымен патенттелген Адай жылқысының жағдайы да қазір мәз емес. Ол жақта да белгілі бір зауыт немесе арнайы селекциялық орталық болмағандықтан адай жылқысын ұстап отырған шаруалар өздері күш салып жатыр. Тіпті жақында асыл тұқымды жылқы ұстап отырған азаматтар істің басы таудай, аяғы қылдай болып кеткенін айтты.

Осы жағдайларға қарап отырып, мемлекеттен бөлінген қаржы желге ұшып жатқанын байқауға болады. Бұл айналып келгенде, тағы да мемлекеттік жылқы зауыты керек екенін көрсетеді.

Сұқбаттасқан: Асылбек Байжұмаұлы