Munarmedia.kz. 28.09.2025 /Астана/ Ұлыбританияның танымал саясаткері, бұрынғы Еуропарламент депутаты Нейтан Гилл Ресей Федерациясының (РФ) саяси мүдделерін Еуропада қорғағаны үшін пара алғанын мойындады. Бұл туралы DW дерегіне сүйене отырып Exclusive.kz хабарлады.
52 жастағы Гилл 26 қыркүйекте Лондондағы Олд-Бейли сотында өткен тыңдауда өз кінәсін толық мойындады. Сотта ол 2018 жылдың қаңтары мен 2019 жылдың шілдесі аралығында сегіз рет пара алғанын растады. Аталған паралар оның сайланған өкілетті лауазымындағы міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына әкеп соқтырған.
Сот процесінде жария етілгендей, Гилл Еуропарламентте Ресейге жақтас көзқарастарды қолдап, тиісті сұрақтар қойып, ресми мәлімдемелер жасап отырған. Бұл үшін оған параны Украинада танымал, Ресейшіл бағыттағы бұрынғы саясаткер Олег Волошин берген.
Ресей насихатына саяси алаң бергендер
Прокурор Марк Хейвудтың мәлімдеуінше, Гилл өз ықпалын пайдалана отырып, Волошиннің мүддесіне сай мәселелерді Еуропарламентте көтеріп, арнайы іс-шаралар ұйымдастырған. Бұл ретте Гиллдің қызметі ресми түрде Ұлыбритания ЕО-дан шыққаннан кейін, яғни 2020 жылы аяқталған.
Оған қатысты айыптаулар 2021 жылы, оның WhatsApp мессенджеріндегі хат-хабарларынан пара алу фактілері табылған соң жарияланған. Қазіргі таңда ол босатылған, бірақ сот үкімі қараша айында шығады. Судья Бобби Чима-Грабб оның ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
Олег Волошин — Мәскеудің көлеңкелі өкілі ме?
Британдық тергеу органдарының мәліметінше, Нейтан Гиллге пара берген — Олег Волошин, бұрынғы украиналық саясаткер. Ол 2019–2022 жылдары Украина Жоғарғы Радасында "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" партиясының атынан депутат болған. Бұл партияның жетекшісі — РФ президенті Владимир Путиннің жақын серігі саналатын Виктор Медведчук.
Волошин саяси мансабы барысында Донецк және Луганск халықтық республикаларын (т.н. ДХР мен ЛХР) заңдастыруды ақтап, Ресейдің Украинадағы әрекеттерін қолдаған. Осы ұстанымдары үшін ол 2022 жылы АҚШ-тың санкциялар тізіміне енді.
2023 жылы Украина билігі Волошинге мемлекеттік опасыздық айыбын тақты. Алайда сол кезде ол елден кеткен еді. СБУ дерегінше, ол РФ-ның Украинаға басып кіруінен сәл бұрын шекара асқан. Қазір ол отбасымен бірге Беларусьте тұрып жатқаны хабарланды.
Ресей мүддесін Еуропада кімдер ілгерілетіп отыр?
Олег Волошин тек Нейтан Гиллмен емес, Германияның оңшыл популистік "Германияға балама" (AfD) партиясының мүшесі Максимилиан Крахпен де байланыста болғаны айтылады.
2023 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың ФБР қызметкерлері Крахты "Кремльге жақын көздерден заңсыз төлемдер алған-алмағанын" тексеру мақсатында тергеген. Der Spiegel басылымының мәліметінше, ФБР қолына түскен құжаттарда Волошин мен Крах арасында "техникалық тапсырмалар үшін өтемақы" туралы жазысқан хаттар болған.
Крахтың есімі сонымен қатар "Voice of Europe" онлайн платформасы төңірегіндегі жанжалға байланысты да аталды. Бұл платформаны Чех билігі Мәскеумен тікелей байланыста деп санайды.
2025 жылдың қыркүйегінде Германия Бундестагы Крахты депутаттық иммунитетінен айырды, оған қатысты қытайлық қорлар арқылы пара мен ақшаны жылыстату істері де қаралуда. Крах өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Бұл жағдай — Ресейдің Еуропадағы саяси ықпалын кеңейту үшін қандай тетіктерді пайдаланып отырғанының айқын дәлелі. Ақпараттық соғыс пен саяси лобби құралдары арқылы Кремль Батыс елдерінің ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіруді көздеп отыр. Мұндай оқиғалар еуропалық институттардың осал тұстарын да әшкерелей түсуде.