Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили мен Мемлекеттік күзет қызметінің экс-басшысы Теймураз Джанашия ел қазынасына шамамен 3,3 миллион доллар (9 миллион лари) өтеуі тиіс. Мұндай шешімді Тбилиси соты қабылдады. Бұл туралы «Эхо Кавказа» хабарлады.
2025 жылдың наурыз айында Саакашвилиге 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Айыптау тарапы оның мемлекеттік қаражатты жеке мақсатта жұмсағанын, ал Джанашияның қызмет бабын қоғам мүддесіне қайшы қолданғанын алға тартты. Осы үкім негізінде Грузия Қаржы министрлігі азаматтық шағым түсіріп, екі тұлғадан келтірілген залалды өндіруді талап етті.
Саакашвилидің қорғаушысы Бека Басилая бұл шешімді саяси қудалаудың жалғасы деп бағалап отыр:
«Бәрімізге мәлім — Грузиядағы сот жүйесі Иванишвилидің нұсқауымен әрекет етеді. Саакашвилиден қаржы өндіріп алу үшін оған тіпті Дональд Трампты Грузияда қабылдағаны немесе Вацлав Гавелдің қабіріне гүл қойғаны үшін де есеп шығарылып жатыр. Бұл абсурд. Бұған дейін де Саакашвилиге қатысты саяси астары бар, дәлелсіз шешімдер қабылданып келген. Енді оған қаржылық қысым қосылып отыр – олар оны борышкерлер тізіміне енгізуді көздейді. Қай сотқа шағымдансақ та, сол бірдей судьялар алдымыздан шығады», – деді адвокат.
Айта кету керек, апелляциялық сот 29 қыркүйекте қорғаушы тараптың шағымын қарауға тиіс.