Солтүстік Қазақстанда шенеуніктер шетелдіктерге жүздеген ИИН-ді заңсыз берген

68

Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік корпорация филиалы республика аумағында болмаған шетел азаматтарына жүздеген жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) заңсыз рәсімдеген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура жүргізген талдау барысында «Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» заңның өрескел бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының СҚО бойынша филиалы Қазақстанға келмеген 720 шетелдікке ИИН рәсімдеп берген.

«ИИН рәсімдеу тек шетелдіктің Қазақстан аумағында жеке өтініш беруі арқылы жүзеге асуы тиіс. Алайда бұл талап ескерілмей, жүйелі заңбұзушылыққа жол берілген», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Заңды белден басқан бюрократия

Бұл жағдай отандық мемлекеттік қызметтердің қауіпсіздігі мен заңдылығы туралы күрделі сұрақтар тудырып отыр. Мемлекеттік органның ресми тіркеу рәсімдерін Қазақстанға кірмеген тұлғаларға ұсынып келгені – тек заң бұзушылық емес, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекет.

Заң бойынша, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар ИИН-ді тек Қазақстан аумағында жеке өтініш берген кезде ғана ала алады. Бұл талап – жалған тұлғалар мен көлеңкелі схемалардың алдын алу үшін енгізілген.

Бас прокуратураның мәліметінше, жауапты тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылған, ал заңсыз берілген ИИН-дерді жою шаралары қолға алынған.

Freedom Finance ісімен байланыс бар ма?

Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 2025 жылдың сәуірінде де тіркелген еді. Ол кезде KazTAG агенттігі Тимур Турловтың Freedom Finance қаржы құрылымына қатысты ресейліктерге қашықтан ИИН рәсімдеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.


Munarmedia.kz пікірі:
ЖСН (ИИН) — азаматтың цифрлық ізі. Бұл мәліметке ие болу банктік шот ашу, мүлік рәсімдеу, тіпті сайлауға араласу секілді түрлі әрекеттерге жол ашады. Сондықтан бұл құралдың заңсыз айналымға түсуі — мемлекеттік егемендікке тікелей қатер.

Мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі бақылаусыздық пен жауапсыздық – тек техникалық қателік емес, ол саяси салдары бар қауіп.