Higgsfield негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды

47

Munarmedia.kz-06.11.2026ж/Астана/-Жасанды интеллект саласындағы танымал Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды.

Кәсіпкер бұл елді енді өзінің ресми Отаны ретінде атайтынын мәлімдеді.

Алекс Машрабовтың әкесі Өзбекстаннан шыққан. Ал өзі Ресейде туып-өскен.

Кейін АҚШ-қа қоныс аударып, технология саласында кәсіпкерлікпен айналыса бастаған.

Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстан Higgsfield жобасының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан елдердің бірі.

2023 жылы компания командасы бизнестің негізгі тірегін Қазақстанда қалыптастыру туралы шешім қабылдаған.

Машрабов еліміздегі инженерлік білім беру мектебінің деңгейін, жергілікті шығармашылық мамандардың әлеуетін және Astana Hub тарапынан көрсетілген қолдауды ерекше атап өтті.

«Бұл елді ресми түрде өз үйім деп атап, Қазақстанның бір бөлігіне айналу мен үшін үлкен мақтаныш», – деді ол.

Higgsfield қандай компания?

Higgsfield AI стартапын 2023 жылы Александр Машрабов пен Ерзат Дулат құрған. Компания жасанды интеллект арқылы бейне және сурет жасауға арналған құралдар әзірлейді.

Платформа пайдаланушыларға дайын үлгілер мен жасанды интеллект әсерлерін қолдана отырып, бейне және сурет жасауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Higgsfield компаниясының құны 5,4 миллиард долларға бағаланып отыр.

Алекс Машрабов өнімді халықаралық нарыққа шығару және дамыту жұмыстарына жауап береді.

Қазақстан азаматтығын алуы – отандық технологиялық ортаның халықаралық деңгейде танылуына назар аудартатын оқиғалардың бірі.

Әсіресе жасанды интеллект саласындағы ірі жобалардың Қазақстанмен байланысын нығайтуы еліміздің технологиялық әлеуеті үшін маңызды.

#Қазақстан #Higgsfield #АлексМашрабов #ЖасандыИнтеллект #AstanaHub #IT