Қазақстандағы саяси партиялар: кімнің бағы жанды, кімнің саяси тынысы тарылды?

90



Munarmedia.kz. 06.10.2026/ASTANA/-Құрылтай сайлауынан кейін елдегі саяси партиялардың жағдайы қалай өзгерді? Бірі мемлекеттік қолдауға ие болып, саяси салмағын сақтап қалса, енді бірі кадрлық және қаржылық қиындықтарға тап болды. Ал Парламентке өте алмаған партиялардың алдағы саяси тағдыры не болмақ? Қазақстандағы партиялық жүйенің бүгінгі көрінісіне үңіліп көрдік.

Қазақстанның саяси өмірінде биыл бірқатар маңызды өзгеріс болды. Саяси реформалар жалғасып, партиялардың белсенділігі артып, жаңа саяси бәсекелестікке жол ашылғандай әсер қалдырды. Партиялар елді мекендерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Қоғамға уәде беріліп, бағдарламалар ұсынылды.

Алайда сайлау науқаны аяқталып, саяси науқанның қызуы басылғаннан кейін партиялардың шынайы жағдайы айқындала бастады. Бірқатар саяси ұйымдар бұрынғы белсенділігін сақтай алмаса, кейбірінің ішкі құрылымында кадрлық және қаржылық өзгерістер жүріп жатқаны байқалады.

Осы тұста заңды сұрақ туындайды: Қазақстанда саяси партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріліп отыр ма? Әлде сайлау аяқталған соң саяси бәсекелестік қайтадан бір орталыққа шоғырланып, кейбір партиялардың тынысы тарылып бара ма?

Мемлекеттік қолдауға сүйенген партиялар

Құрылтайға өткен партиялардың бірі – «Әділет». Ұйымның мемлекеттік қолдау мен қаржыландыруға қол жеткізуі, сондай-ақ саяси және кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндігі бар. Ендігі мәселе – сайлау кезінде айтылған уәделердің қаншалықты орындалатынында.

Қоғам партиялардың сайлау алдындағы белсенділігін ғана емес, сайлаудан кейінгі жұмысын да бағалайды. Елді мекендерді аралап, халықтың мәселесін тыңдап, түрлі бастамалар көтерген саяси күштердің сайлаудан кейін үнсіз қалуы олардың қоғамдық беделіне әсер етпей қоймайды.

Президенттің соңғы Жолдауында Құрылтайға жүктелген бірқатар маңызды міндеттер бар. Оларды жүзеге асыруда парламенттік көпшілік пен оған кіретін партиялардың жауапкершілігі ерекше болмақ. Сондықтан «Әділеттің» саяси салмағы алдағы уақытта берген уәдесі мен нақты атқарған жұмысы арқылы өлшенеді.

«Ақ жол» және «Respublica» партиялары да Құрылтайға өтіп, мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Енді олардың алдында парламенттік алаңда өздерінің саяси ерекшелігін көрсету міндеті тұр.

Алайда саяси ұйым үшін Құрылтайға өту – мақсаттың соңы емес, жауапкершіліктің бастауы. Сайлау кезінде көтерілген кәсіпкерлік, экономикалық еркіндік, әлеуметтік әділеттілік және азаматтардың әл-ауқаты секілді мәселелер күн тәртібінен түспеуі керек.

Партиялардың парламентке өтіп алып, саяси белсенділігін бәсеңдетуі қоғамда «сайлау үшін жұмыс істейтін ұйымдар» деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Ал шынайы саяси партия сайлау аралығында да халықпен бірге болуы тиіс.

Қазақстан халық партиясы: саяси мұрадан айырылу қаупі

Бүгінде жағдайы күрделенген партиялардың бірі – Қазақстан халық партиясы.

Кезінде Серікболсын Әбділдин секілді мемлекет және қоғам қайраткері басқарған бұл ұйым Қазақстанның саяси өмірінде өзіндік орны бар партиялардың бірі еді. Әсіресе әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқығы, халықтың тұрмыс жағдайы мен әлеуметтік теңсіздік мәселелерін көтеруімен ерекшеленді.

Алайда кейінгі жылдары партияның саяси салмағы әлсірей бастады. Бұрынғы идеологиялық бағыты мен қоғамдық ықпалы да біртіндеп көмескіленді. Ермұхамет Ертісбаев басқарған кезеңде партияның саяси болмысы мен қоғамдық беделіне қатысты сұрақтар көбейді.

Құрылтайға өте алмауы ұйым үшін кезекті саяси сынақ болды. Парламенттік мінберден айырылған партияның қоғамдағы ықпалын сақтап қалуы да қиындай түсті.

Осыдан кейін партия басшылығында өзгеріс болып, төрағалық қызметке Нұрсұлтан Шоқанов келді. Оның бұған дейінгі қызметі негізінен бизнес саласымен байланысты болғандықтан, партияны басқарудағы саяси тәжірибесі мен алдағы стратегиялық бағыты қоғам назарында болмақ.

Партия ішіндегі кадрлық өзгерістер, аппарат қызметкерлері мен өңірлік филиалдардағы ықтимал қысқартулар туралы да мәліметтер айтылып жүр. Егер бұл ақпараттар расталса, онда ұйымның қаржылық және кадрлық әлеуетін сақтау мәселесі күн тәртібіне шығады.

Саяси партия үшін ең қауіпті жағдай – сайлауда жеңілу емес, өзінің негізгі идеясынан айырылу. Өйткені партияның өміршеңдігі мемлекеттік қаржыландырумен немесе парламенттік мандатпен ғана өлшенбейді. Оның қоғамда көтеретін мәселесі, жақтайтын әлеуметтік тобы және сенім артатын электораты болуы қажет.

Қазақстан халық партиясының алдында дәл осындай күрделі міндет тұр: бұрынғы саяси болмысын қалпына келтіре ме, әлде саяси сахнадағы орнын біржола жоғалта ма?

ЖСДП: оппозициялық беделден саяси белгіге айналу қаупі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) тарихы да ерекше назар аударуға тұрарлық.

Кезінде Жармахан Тұяқбайдың жетекшілігімен саяси алаңға шыққан партия өзін билікке балама күш ретінде танытуға тырысты. Оның жақтастары мен сайлаушылары ұйымнан шынайы оппозициялық ұстаным күтті.

Дегенмен партияның оппозициялық сипатына қатысты күмән мен сын бұрыннан бар. Саяси сарапшылар мен қоғам өкілдерінің бір бөлігі оның билікке қатысты ұстанымын дербес оппозициялық саясаттан гөрі жүйе ішіндегі шектеулі саяси бәсекелестік ретінде бағалап келеді.

Құрылтайға өтуі партия үшін белгілі бір жетістік болғанымен, бұл оның қоғамдық беделі мен саяси ықпалының артқанын автоматты түрде білдірмейді.

Партияның қазіргі құрамы мен кадрлық саясатына қатысты да сұрақтар бар. Бұрынғы қызметкерлердің айтуынша, сайлау науқаны қарсаңында ұйымға сырттан бірқатар жаңа тұлға тартылған. Олардың партиялық тәжірибесі мен ұйым ішіндегі бұрынғы қызметі туралы нақты мәліметтерді ашық көрсету маңызды.

Егер партияның кадрлық құрамы сайлау қарсаңында ғана жасақталып, өңірлердегі тұрақты ұйымдық жұмыс әлсіз болса, мұндай құрылымның ұзақ мерзімді саяси бәсекеге қабілетті болуы қиын.

Бұған қоса, кейбір өңірлердегі партия мүшелерінің мәслихат сайлауына қатысуына қатысты шектеулер қойылғаны жөнінде мәліметтер бар. Бұл жағдайлар расталған жағдайда, партияның ішкі демократиясы мен өңірлік құрылымдарының дербестігіне қатысты орынды сұрақтар туындайды.

ЖСДП үшін бүгінгі басты мәселе – Құрылтайдағы орын санын сақтап қалу емес, өзінің саяси мазмұнын қайта қалыптастыру. Қоғамға шынайы балама ұсына алмаса, партияның атауындағы «социал-демократиялық» ұғымның өзі саяси салмақ бермейді.

«Ауыл» партиясы: парламентке өтті, бірақ кадрлық мәселеден құтыла алмады

Қазақстандағы іргелі саяси ұйымдардың бірі – «Ауыл» партиясы.

Аграрлық сектордың мүддесін қорғау, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді маңызды бағыттарды ұстанатын партияның қоғамда өзіндік электоралдық базасы бар.

Алайда Құрылтай сайлауы қарсаңында партия басшылығы ауысты. Төрағалық қызметке бұған дейін оның орынбасары болған Қайрат Айтуғанов келді.

Басшылықтың ауысуы өз алдына қалыпты саяси үдеріс болуы мүмкін. Бірақ осы өзгерістен кейін партия аппаратында кадрлық қысқартулар орын алғаны туралы бұрынғы қызметкерлердің мәлімдемелері назар аудартады.

Олардың айтуынша, партияның ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген бірқатар қызметкері қызметінен босатылған. Басшылықтың ауысу тәртібі мен жаңа төрағаның сайлану рәсіміне қатысты да сұрақтар бар. Бұл мәселелерге партияның ресми түсініктемесі қажет.

Саяси ұйымның кадрлық әлеуеті – оның ең маңызды капиталы. Әсіресе өңірлерде жылдар бойы жұмыс істеп, сайлаушылармен байланыс орнатқан мамандарды қысқарту партияның жергілікті деңгейдегі ықпалын әлсіретуі мүмкін.

Сонымен бірге «Ауыл» партиясының мәслихат сайлауына белсенді қатысуы оның өңірлік саяси жұмысын жалғастырып отырғанын көрсетеді.

Дегенмен парламентке өткен партия үшін ендігі міндет – ауыл мәселесін тек сайлау науқаны кезінде емес, күнделікті саяси жұмыстың негізгі бағытына айналдыру.

«Байтақ»: парламентке өтпесе де, саяси жұмысын тоқтатқан жоқ

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының жағдайы өзгеше.

Құрылтай сайлауында жеңіске жете алмағанына қарамастан, партия саяси қызметін жалғастырып келеді. Ұйымның өңірлік филиалдары жұмысын сақтап, кадрлық құрамын толықтыруға күш салып жатқаны байқалады.

Соңғы уақытта партия қатарына түрлі салада тәжірибесі бар мамандар тартылуда. Бұрын бірнеше мемлекетте дипломатиялық қызмет атқарған М. Ташиев бақылау жұмысы жөніндегі хатшы болып тағайындалса, ұзақ жылдар Экология министрлігінде еңбек еткен кәсіби эколог Керей Бекберген партия аппаратының басшысы қызметіне келді.

Бұл тағайындаулар партияның кәсіби әлеуетін күшейтуге бағытталған қадам ретінде бағалануы мүмкін.

Сонымен қатар басқа партияларда қызметінен қысқарған кейбір мамандардың «Байтаққа» жұмысқа орналасуға қызығушылық танытып жүргені жөнінде де ақпарат бар. Егер бұл үдеріс жалғасса, партия үшін тәжірибелі кадрларды тартуға мүмкіндік туындайды.

Алайда «Байтақтың» саяси болашағына қатысты мәселе тек кадрлық құраммен шектелмейді. Партияның негізгі бағыты – экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды қорғау, өндірістің қоршаған ортаға әсері және азаматтардың таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүру құқығы.

Бұл мәселелер Қазақстан үшін барған сайын өзекті бола түсуде.

Елімізге шетелдік инвестиция тарту – экономиканы дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Жаңа өндірістер ашылып, инфрақұрылым салынып, жұмыс орындары құрылуы қажет. Бірақ инвестиция көлемін арттыру экологиялық жауапкершілікті екінші орынға ысыруға негіз болмауы тиіс.

Әсіресе Қазақстанның жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мен сирек металдарды игеруге шетелдік компаниялардың қызығушылығы артқан кезеңде экологиялық бақылаудың маңызы еселене түседі.

Мәселе инвесторларға қарсы болуда емес. Мәселе – инвестиция мен экологиялық қауіпсіздіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауда.

Кез келген өндірістік жоба ел экономикасына табыс әкелуі мүмкін. Бірақ оның қоршаған ортаға келтіретін залалы, халық денсаулығына әсері және ұзақ мерзімді экологиялық салдары да алдын ала бағалануы керек. Әйтпесе бүгінгі экономикалық пайда ертеңгі ұрпақтың денсаулығы мен табиғи ортасына түсетін ауыр салмаққа айналуы ықтимал.

Осы тұрғыдан алғанда, «Байтақ» партиясы көтеретін мәселелердің қоғамдық маңызы зор.

Құрылтай сайлауында партияның парламентке өте алмауы оның саяси бағдарламасының қоғамға қажетсіз екенін білдірмейді. Керісінше, экологиялық мәселелерді тұрақты көтеріп, нақты ұсыныстар әзірлеп, өңірлердегі азаматтармен жұмыс істей алса, партияның саяси ықпалын арттыруға мүмкіндігі бар.

Бұрынғы Мәжілісте экологиялық мәселелерді жиі көтерген депутат Еділ Жаңбыршиннің де жаңа Құрылтай құрамына енбеуі экологиялық күн тәртібінің парламенттегі орны туралы пікірталасты күшейтті.

Дегенмен жекелеген депутаттардың сайлаудан өтпеуін белгілі бір саяси тапсырыспен немесе инвесторлардың мүддесімен тікелей байланыстыру үшін нақты дәлелдер қажет. Мұндай мәселелерді болжаммен емес, ашық деректер мен саяси шешімдерді салыстыра отырып бағалаған жөн.

Бүгінде «Байтақтың» алдында тағы бір маңызды сынақ тұр. Партия өкілдері кейбір өңірлерде мәслихат сайлауына қатысу кезінде жергілікті кедергілерге тап болып жатқанын мәлімдеуде. Құжаттарды қабылдау, кандидаттарды тіркеу және сайлау науқанына қатысу барысында түсініксіз жағдайлар болғаны туралы шағымдар айтылып жүр.

Атап айтқанда, Ақмола, Жамбыл және Қызылорда облыстарында осындай мәселелерге қатысты партия тарапынан наразылық білдірілгені жөнінде ақпарат бар.

Егер бұл мәліметтер расталса, онда сайлау үдерісінің ашықтығы мен барлық саяси күшке тең мүмкіндік беру мәселесі қайта көтерілуі тиіс. Өйткені саяси бәсекелестік тек сайлау күні емес, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу кезеңінен басталады.

Қазақстандағы партиялық жүйе қай бағытқа бет алды?

Жоғарыда аталған партиялардың жағдайына назар аударсақ, Қазақстандағы саяси жүйеде белгілі бір жіктелу байқалады.

Бір жағында – парламенттік мандатқа ие болып, мемлекеттік қаржыландыру мен институционалдық мүмкіндіктерге қол жеткізген партиялар. Екінші жағында – сайлаудан кейін саяси салмағын сақтап қалуға, кадрлық құрамын нығайтуға және қоғамдық қолдауын жоғалтпауға тырысып жатқан ұйымдар.

Бұл ретте мемлекеттік қаржыландырудың болуы партияның саяси ықпалын сақтауға мүмкіндік бергенімен, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін де арттырады. Ал парламентке өтпеген партиялар үшін саяси өмірден шет қалмаудың жалғыз жолы – тұрақты қоғамдық жұмыс, нақты бағдарлама және белсенді өңірлік құрылым.

Қазақстанның саяси жүйесі үшін ең маңызды мәселе – партиялардың саны емес, олардың арасындағы шынайы саяси бәсекелестіктің болуы.

Егер партиялар тек сайлау кезінде белсенділік танытып, одан кейін қоғамдық мәселелерді көтеруді тоқтатса, онда көппартиялық жүйенің сыртқы көрінісі болғанымен, оның мазмұны жұтаңдай береді.

Саяси партия дегеніміз – сайлауға қатысып, мандат алуға ғана ұмтылатын ұйым емес. Ол – қоғамның әртүрлі топтарының мүддесін білдіретін, билікке ұсыныс жасайтын, қажет болған жағдайда оның шешімдерін сынайтын саяси институт.

Сондықтан партиялардың қызметін тек Құрылтайдағы орын санына қарап бағалау жеткіліксіз. Олардың халықпен байланысы, тәуелсіз ұстанымы, кадрлық әлеуеті, қаржылық ашықтығы және өңірлердегі нақты жұмысы да назарда болуы керек.

Алдағы мәслихат сайлаулары мен келесі парламенттік науқандар партиялардың шынайы мүмкіндігін тағы бір мәрте көрсетеді.

Бүгінгі саяси жағдайдан байқалатын негізгі үрдіс – бірқатар партияның белсенділігі бәсеңдеп, кейбірінің ішкі тұрақтылығы әлсірегені. Мұны табиғи саяси өзгерістермен де, саяси бәсекелестіктің шектеулі мүмкіндіктерімен де байланыстыруға болады. Бірақ қай фактордың басым екенін нақты бағалау үшін партиялардың қаржылық есебі, кадрлық шешімдері, сайлау науқанының барысы және мемлекеттік органдардың әрекеттері ашық талдануы қажет.

Саяси партиялардың тағдыры тек биліктің көзқарасына немесе сайлаудың нәтижесіне тәуелді болмауы тиіс. Олардың өміршеңдігін халықтың сенімі, қоғамдағы беделі және ел алдындағы жауапкершілігі айқындауы керек.

Өйткені партиялар әлсіреген жерде саяси таңдау азаяды. Ал саяси таңдау азайған қоғамда бәсекелестік те, балама пікір де, билікке қоғамдық бақылау да әлсірейді.

Ең басытыс еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы керек. Бұл жолда партия болсын, әрбір азаматтың ауызбіршілігі аса маңызды роль ойнайды. 

Баяжума Асылбек 

Саяси сарапшы