АСТАНА.21.05.2026.Munarmedia.kz – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтауға арналған жаңа жүйе сынақ режимінде енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа тетік бойынша әрбір жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушілерге 1-ден 3 баллға дейін есептелуі мүмкін. Егер жүргізуші жинаған айып баллының саны 20-ға жетсе, онда оны бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру қарастырылып отыр.
Әзірге ІІМ нақты қандай құқықбұзушылыққа қанша балл берілетінін ресми түрде жариялаған жоқ. Министрлік өкілдері бұл жүйе қазіргі уақытта тек пилоттық, яғни сынақ режимінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе бірқатар елдерде қолданылады және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны еліміздің өзге өңірлеріне де кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін.
#Астана #Алматы #Шымкент #ІІМ #ЖолЕрежесі #Жүргізуші #АйыпБаллы #Көлік #Қазақстан #Munarmedia