«Импорт арқылы экспортты алмастыру»: Ресей енді бензинді сырттан сатып алмақ!

43



Munarmedia.kz 06.10.2025 /Астана/ Әлемдік «жанармай бекеті» атанған Ресей енді бензинді Қытайдан, Беларусьтен және Оңтүстік Кореядан сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәскеу ресми түрде мәлімдеді.

Мұндай қадамға баруға басты себеп – украин дрондары мен зымырандарының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен терминалдарына тоқтаусыз жасаған шабуылдары. Соғыс тарихында болмаған дәлдікпен және жүйелілікпен жасалған соққылар Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымының 40 пайызын істен шығарды!

Нәтижесінде ел ішінде бензин жетіспеушілігі туындап, көлік қатынасы мен логистикаға айтарлықтай соққы тиді. Тіпті транспорттық коллапстың алдында тұрған Ресей билігі жағдайды тұрақтандыру үшін шетелден бензин сұрауға мәжбүр болды.

Бұл оқиға – Ресейдің қазіргі геосаяси күйінің символына айналды. Кремль басшысы Путин ешқашан Ресейдің бензинге мұқтаж елге айналатынын елестетпеген еді. Бірақ енді көршілерінен жанармай сұрауға дейін барды.

Парадокс: НАТО-ның кеңеюіне жол бермеймін деп жүрген Путин, енді бензин үшін сыртқа тәуелді болып отыр. Геосаяси стратегия осылай бола ма?..

Осы тұста жағдай тіпті күрделене түсті: АҚШ тарапы Украинаға Ресейдің ішкі аумағына баллистикалық зымырандармен соққы жасау үшін нақты барлау деректерін беретінін хабарлады.

Ресей үшін бұл енді жай ғана энергетикалық дағдарыс емес – тұтас қауіпсіздік жүйесінің шырқын бұзатын тарихи сын сағатқа айналды.