«Адам келетін жер емес екен…». Армияда көз жұмған Нұрасылдың соңғы сөзі

65

Қызылордадан Алматы облысындағы Қарасай ауданының шекара қызметіне (ҰҚК) шақырылған 18 жастағы Нұрасыл Әнуар жұмбақ жағдайда қайтыс болды деп хабарлайды Ertenmedia. Ресми диагноз менингококцемия. Менингококк бактериясы денеге тарап, сепсис тудырған. Дәрігерлер мәліметінше, сарбаз осы қауіпті инфекцияның асқынуынан көз жұмған.

Алайда марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр. Айтуларынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығында еш кінәрат болмаған.

«Денсаулығында ақау болса, мед. комиссия анықтар еді. Мұндай қауіпті инфекция кемі бір тәулік ішінде белгі беретін еді ғой. 4 қазан күні кешке аға-әпкесімен телефон арқылы тілдескенде денсаулығына шағым айтқан жоқ. Тек «мына жер адам төзер жер емес екен» деп бірнеше рет қайталаған. Армияны мүлде басқаша елестеткен сияқты», – дейді Orda-ға пікір білдірген сарбаздың әпкесі Динара. Нұрасыл Әнуар әскерге 2025 жылдың 27 қыркүйегінде өз қалауымен кеткен. Бір аптадан соң 5 қазан күні таңғы сағат 7:40-та туыстары оның қайтыс болғанын естіген. Жедел жәрдем таңғы сағат 4:47-де шақырылғанымен, дәрігерлер сарбаздың өмірін сақтап қала алмаған. «Марқұм әулеттің кенжесі еді. Әскерге барарын естігенде қатты қобалжыдық, бірақ өзі Отан алдындағы борышымды өтеймін деген мақтанышпен кетті. Өмірге құштар, әділдікке сенген, мейірімді жігіт еді. Әскер бейбіт күнде жастардың өмірін жалмайтын жер емес қой. Бұл орны толмас қаза. Анасы тірі болса, мұндай қайғыны көтере алмас еді», – дейді Нұрасылдың ет жақындары.

Марқұмның туыстары осы оқиғаға байланысты президент Тоқаевқа үндеу жолдап, істің ашық әрі әділ тергелуін талап етуде.

«Біз, Нұрасылдың отбасы, Мемлекет басшысы Тоқаевқа қайырылып отырмыз. Осы істі өз бақылауыңызға алыңызшы. Мемлекетке сеніп, баламыздың қауіпсіздігіне кепілдік береді деп үміттендік. Бейбіт заманда жастар неге осылай өлуі тиіс? Бұл бір ғана отбасының трагедиясы болып қалмасын. Мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін барлық шара қабылдансын. Қорғаныс министрлігі мен Шекара қызметінен жауап күтеміз», – деді марқұмның жақындары. Шекара қызметі әскери бөлімде қызметтік тергеу басталғанын, ал полиция сотқа дейін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Сарбаздың денесі толық сараптамадан кейін Қызылордаға жеткізіліп, туған жерінде жерленеді.