Munarmedia.kz 26.11.2025 / Астана Қазақстан экономикасы биыл айтарлықтай қарқынмен өсіп келеді. Дегенмен, жағымды жаңалықтармен қатар, халықаралық ұйымдар ел алдында тұрған маңызды қауіптерге де назар аудартып отыр. Халықаралық валюта қоры жыл сайынғы миссиясының қорытындысын жариялап, Қазақстан экономикасының қазіргі бағытын және алдағы кезеңге тән негізгі тәуекелдерді талдап берді.
МВФ мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6 пайыздан жоғары өсім көрсетеді деп болжанған. Бұл — жаһандық тұрақсыздық жағдайында өте әсерлі көрсеткіш. Сарапшылар мұны мұнай өндірудің артуымен, халық сұранысының күшеюімен және мемлекеттік шығындардың жоғары деңгейімен байланыстырады.
Алайда қарқынмен бірге келетін көлеңкелі жақ та бар. Қордың бағалауынша, биылғы инфляция 13 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл — қарапайым азаматтардың табысы өссе де, шығыны одан да жылдам артатынын білдіреді. Күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауы көптеген отбасылардың бюджетіне айтарлықтай қысым түсіріп отыр.
Келесі жылы экономикалық өсім 4,5 пайызға дейін баяулауы ықтимал. Алайда инфляция әлі де жоғары деңгейде сақталады — шамамен 11 пайыз.
МВФ сарапшылары бұған бірнеше фактор әсер ететінін атап өтті:
-
қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығының көтерілуі;
-
мұнай өндіру өсімінің баяулауы;
-
коммуналдық тарифтердің кезең-кезеңімен қымбаттауы.
Ұлттық банктің 5 пайыздық инфляция нысаналы көрсеткішіне қол жеткізуі тек орта мерзімді перспективада мүмкін деп күтіледі. Яғни, жақын арада бағалардың айтарлықтай төмендеуін күтуге болмайды.
Қазақстанның экономикасы жаһандық нарықтарға тәуелді. Сондықтан мұнай бағасының құлдырауы, көршілес елдердегі экономикалық жағдайдың нашарлауы немесе КТК мұнай құбырының жұмысына байланысты туындайтын кез келген іркілістер ел табысына тікелей әсер етеді.
Ішкі факторлар да алаңдаушылық туғызады:
-
инфрақұрылымдық жобалардың ұзаққа созылуы;
-
мемлекеттік шығыстардың баяу қысқаруы;
-
тұрақсыз инфляциялық қысым.
МВФ тағы бір маңызды мәселеге тоқталды: квазимемлекеттік сектордағы жасырын немесе толық ашық емес қаржылық операциялар мемлекеттік реформалардың тиімділігін төмендетіп отыр. Яғни, бюджетті үнемдеу және тапшылықты азайту шараларының бір бөлігі квазимемлекеттік компаниялардың көлеңкелі шығындары арқылы бейтараптанып кетеді. Мұндай жағдайда айналымдағы ақша көлемі артып, бұл инфляцияны одан әрі күшейтеді.
МВФ ұсынымдары қысқа да нұсқа: «қарқын керек, бірақ бағасы тым қымбат болмауы тиіс».
Қордың пікірінше:
-
Үкімет мемлекеттік шығыстардың өсуін тежеуі керек;
-
Ұлттық банк инфляция толық тұрақтанғанға дейін жоғары базалық мөлшерлемені сақтағаны жөн.
Тағы бір өзекті мәселе — тұтынушылық несиелердің рекордтық өсімі. Қор сарапшыларының айтуынша, несие алу жеңілдеп кеткенімен, оны қайтару соншалық оңай емес. Егер қарыз көлемінің өсуін бақылау қолға алынбаса, тәуекелдер банктерге де, қарапайым азаматтарға да әсер етуі мүмкін. Сондықтан несие саясатын қатаңдату және уақтылы шектеулер енгізу ұсынылады.
МВФ Қазақстанның ұзақ мерзімді әрі тұрақты экономикалық дамуы үшін төмендегі бағыттардың маңызын атап өтті:
-
бизнес ортасын жақсарту;
-
жеке меншік құқығын қорғауды күшейту;
-
цифрландыруды, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту;
-
экономиканың мемлекеттік үлесін біртіндеп қысқартып, жеке сектордың рөлін арттыру.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы реформалар Қазақстанды экономикалық тұрақсыздықтардан қорғай алады.
Автор: Нұржан Баймулдин