Munarmedia.kz 26.03.2026 /Astana/ — Иран тарапынан жасалған шабуылдар Катардың сұйытылған табиғи газ (СТГ) экспорттық қуаттарының шамамен 17 пайызын істен шығарды. Бұл туралы Reuters агенттігіне Катардың энергетика жөніндегі мемлекеттік министрі әрі QatarEnergy компаниясының басшысы Саад әл-Кааби мәлімдеді.
Оның айтуынша, келтірілген залал салдарынан ел жыл сайын шамамен 20 млрд доллар табыстан қағылып, Еуропа мен Азия елдеріне газ жеткізуге қауіп төніп отыр.
Жөндеу жұмыстары СТГ өндірісін жылына 12,8 млн тоннаға дейін қысқартып, бұл шектеулер 3–5 жылға созылуы мүмкін. Сонымен қатар, Катардан конденсат экспорты шамамен 24 пайызға, сұйытылған мұнай газы (СНГ) 13 пайызға азаяды деп күтілуде.
Бұдан бөлек, гелий өндірісі 14 пайызға, ал нафта мен күкірт өндірісі 6 пайызға қысқарады. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер жаһандық нарықтарға айтарлықтай әсер етеді. Атап айтқанда, Үндістандағы қоғамдық тамақтану орындарынан бастап, гелийді пайдаланатын Оңтүстік Кореядағы микрочип өндірушілеріне дейінгі түрлі салалар зардап шегуі мүмкін.
Энергетика саласының сарапшысы Джон Кемп алдағы уақытта әлемде газ тапшылығы туындауы ықтимал екенін айтады. Оның пікірінше, қысқа және орта мерзімде Катар жеткізілімдерін толық алмастыру мүмкін емес.