Саясат | 22 маусым 2025 | Munarmedia.kz | Астана-Иранның Жоғарғы көсемі аятолла Али Хаменеий елде төтенше жағдай туындаған жағдайда, яғни өзі қаза тапса, билікті тез әрі тәртіппен тапсыру үшін Ассамблеяға үш діни тұлғаны мұрагер ретінде ұсынып, олардың кандидатурасын бекітті. Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.
Басылым дерегінше, Израильмен қақтығыстың ушығуына байланысты, 86 жастағы Хаменеий биліктің бірден, жүйелі түрде берілуіне және өзі қалыптастырған саяси мұраның сақталуына аса мән беріп отыр.
Жоғарғы көсем мұрагерлермен қатар, әскери басқару жүйесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін, жақын көмекшілерінің қайтыс болуы жағдайында оларды алмастыратын тұлғаларды да алдын ала белгілеген. Бұл — командалық құрылымды сақтап қалу мақсатында жасалған қадам.
Айта кетейік, Иранда Жоғарғы көсемнің қолында барлық билік шоғырланған – заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары, сондай-ақ қарулы күштер де оған тікелей бағынады.
🔴 Бүгін түнде АҚШ әскери-әуе күштері Иранның маңызды ядролық нысандарына соққы берді. Оқиғадан кейін АҚШ президенті халыққа арнайы үндеу жасады.