Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Көзге ілінбейтін үйсіздік: мүгедектігі бар азаматтардың баспанаға қол жеткізе алмауы неге жүйелі проблемаға айналды?

53


Қоғам | 22 маусым 2025 | Munarmedia.kz | Астана

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайы қоғамдағы өзге мұқтаж топтармен салыстырғанда әлдеқайда күрделі. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл санаттағы адамдардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі – жоққа тән, оған себеп – қаржылай қиындықтар ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы заңнаманың өзі.

Ал егер әкімдік тарапынан пәтер берілгеннің өзінде, ол пәтер ерекше жандарға бейімделмеген, тұрмыстық тұрғыдан қолайсыз күйде ұсынылады. Бұл жайында құқық қорғаушылар өз алаңдаушылығын білдіріп отыр.


«Көрінбейтін» үйсіздер

Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 651 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде 56 800-і – І және ІІ топтағы мүгедектер, ал 25 600-і – ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Алайда, заңгер әрі құқық қорғаушы Алишер Қожагұлов бұл сандар шынайы жағдайды толық көрсетпейді деп есептейді.

– Қазақстан заңнамасы тұрғын үй кезегіне тұру үшін бірқатар талап қояды. Мәселен, кемі үш жыл бойы тұрақты тіркеуде болу міндетті. Бірақ ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар жақсы ем мен оңалту іздеп, облыс орталықтары мен ірі қалаларға жиі көшіп жатады, – дейді Қожагұлов.

Сондай-ақ, кезекке тұру үшін өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда атына тіркелген баспанасы болмауы тиіс. Бұл талап та – көп отбасылар үшін негізгі кедергінің бірі. Көбі бұрынғы үйін сатып, баласының еміне ақша жинауға мәжбүр болады немесе жайсыз, тар баспанаға айырбастап қояды.

– Тағы бір шарт – отбасының табысы төмен болуы тиіс. Әдетте, мұндай отбасыларда бір ғана адам жұмыс істейді. Алайда ол бірнеше жерде істеп, шекті деңгейден сәл асатын табыс тапса, жеңілдікке мүлдем ілінбейді. Бірақ ондай табыс отбасының қажеттілігін толық жаппайтынын ешкім есепке алмайды, – дейді құқық қорғаушы.


Баспана бар – бірақ қолжетімсіз

Қожагұловтың айтуынша, көптеген отбасы үй кезегіне тұрудан үміт үзіп, өз бетінше амалын табуға көшкен. Олар пәтер жалдап, бар тапқанын ем-домға жұмсап, тіпті жеңілдетілген ипотека бағдарламаларына да қол жеткізе алмайды.

– Бұл – классикалық үйсіздік емес, әлеуметтік статус тұрғысынан «жартылай үйсіздік» деп айтуға болады. Қоғамда ондай адамдар бар екені білінбейді, бірақ олар барар жері, басар тауы жоқ жандардың қатарында, – дейді ол.


Шешім қайда жатыр?

Құқық қорғаушылар мүгедектігі бар азаматтарға қатысты тұрғын үй саясатын түбегейлі қайта қарау қажет деп есептейді. Кезекке тұру талаптарын жеңілдетіп қана қоймай, берілетін баспана қолданысқа бейімделіп, адамға лайық күйде ұсынылуы тиіс.

Сондай-ақ, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жеке бағдарлама немесе табыс есебінде жеңілдіктер қарастырылуы керек. Өйткені бүгінгі жүйе олардың мұқтаждығын емес, тек формалды талаптарды есепке алады.