Біріншіден, Израиль АҚШ-тың ұстанымын ескеріп әрекет етеді. Израильдің басты одақтасы ретінде Вашингтон Тель-Авивтің шешімдеріне, әсіресе Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға ықпалын тигізуде. Байден әкімшілігі Израильге Иранның ядролық және мұнай нысандарына шабуыл жасамауға кеңес берді, өйткені мұндай қадам аймақтық ауқымдағы соғысқа себеп болуы мүмкін еді. Сондықтан, Израиль өз одақтасының қолдауын сақтау мақсатында кең көлемді емес, шектеулі, нақты бағытталған шабуылдармен шектелді.
Екіншіден, Израиль толық қақтығыстан аулақ болуға тырысады. Қазіргі кезде Иран да, Израиль де ашық соғысқа түскісі келмейді. Тель-Авив негізгі әскери нысандарға соққы жасап, толықтай эскалациядан қашуды жөн санаса, Иран да өз кезегінде болашақта жауап қайтаруға уәде берумен ғана шектелуде.
Сонымен қатар, Израиль Францияның қысымын да ескеріп отыр. Париж Ливандағы ықпалын жоғалтудан қауіптеніп, Иранның аймақтағы күшеюіне алаңдаулы. Соңғы апталарда Франция Израильге қысымды күшейткендіктен, Тель-Авивтің Еуропада оқшаулануы ықтимал. Францияның ұстанымы Израильдің әскери әрекеттеріне кедергі келтіруі мүмкін, себебі бұл қадам тек Таяу Шығысқа емес, Еуропадағы саяси тепе-теңдікке де әсер етуі мүмкін.
Ақырында, премьер-министр Нетаньяху АҚШ-тағы алдағы сайлауға дейін ауқымды қақтығыстан аулақ болып, ел ішіндегі тұрақтылық пен халықаралық қолдауды сақтап қалуды жөн көруде.