Раушан Мұхтар 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community қауымдастығының негізін қалаған. Аталған орталықтың сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз, ассамблеядан кем емес жұмыс атқарып жатқанын аңғарасың. Қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабақтарынан бөлек, домбыра тарту, ұлттық би мен халық әндеріне баулу секілді үйірмелерге белсенді қатысып жүрген қарадомалақтардың көптігін көріп бұл орталықтың өзіндік миссиясы бар екенін түсінесің. АҚШ-тың ірі қалаларының бірі саналатын Лос-Анджелес қаласында мәдениетімізді дәріптеп жүрген Раушанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Сұхбат уақытын келісейін деп хабарласқанымда «Мені емес, біздің орталықта тегін сабақ беріп жүрген мұғалімдердің еңбегін сөз етейік. Мен көпшілік көзіне көрінгенді құп көрмеймін» дедіңіз. Дегенмен қазақ көп шоғырланған Лос-Анджелес қаласында қазақ қауымдастығын ашқан сіздің бұл бастаманы қолға алуға не түрткі болғанын сұрамай кетсек болмас.
– Мен 2011 жылы Америкаға көшіп келдім. Содан бері көшеде қазақтарды көре қалсам, үйіме шақырып, қонақ қыламын. Әңгіме-дүкен құрып, бір марқайып қаламын. Тіпті, кейде мексикалықтарды қазақтарға ұқсатып, бас қосқан кездерім болды. Өзім орыс мектебінде оқысам да, үйде балаларыммен тек қазақша сөйлесемін. Үйде ешкім ағылшынша немесе орысша сөйлеспейді. Менің балаларым, тіпті орысша дұрыс сөйлей алмайды. Балаларымның қазақтілді ортада өсіп-өнуі мен үшін маңызды. Олар ана тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмытып қалмасын деп осында тұратын қазақтармен етене араласып, жиі бас қосуды әдетке айналдырдым. Кейін мерекелерді бірге атап өтетін болдық. Табиғат аясына жиі шығамыз. Қала берді, еш себеп болмаса да, бір үйге жиналатын едік. Кейін үйге сыймай кеттік. Сол кезде Фатима деген отандасымыз қазақ тілін үйрететін үйірме ашу туралы идеяны ортаға салды. Шыны керек, ол кезде мен ондай бастаманы қолға алуға дайын болмадым. Біріншіден, оны өткізетін орын жоқ болды. Сосын қым-қуыт тірлікпен қолым тимей кетті. Дегенмен 5-6 жылдай сол әлгі идеяны пісіріп жүрген едім. Кейін басқа қауымдастықтар ұйымдастырған іс-шараларға барып, әркім өз мәдениетін шама-шарқы келгенше насихаттап жүргенін көрген кезде «Бізге де неге мұндай қауымдастық ашпасқа?» деп қызығып кеттім. Сөйтіп жүргенде пандемия басталды. Дегенмен қайтсек те ашуымыз қажет деп, 2020 жылдың күзінде California Qazaq Community деген атпен қауымдастықтың негізін қаладық. Басында гаражды кеңсе қылып жабдықтау туралы ойлағанмын. Американың гараждары Қазақстандағыдай емес, басқаша ғой. Іші кең әрі жылы. Кәдімгі бөлме секілді. Сонда қабырғаларға сурет іліп, еденге кілем төсеп, үйірмені тездетіп бастап кетейік деп шештік. Гараж ішін реттестіріп, дайындалып жүргенде бір танысым бір кеңсені бірге жалдайық деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол ғимараттан қауымдастық кеңсесін ашып, жұмысты бастап кеттік.