2025 жылғы 14 наурыз, Женева /DW/ – Канада үкіметі АҚШ-тың канадалық болат пен алюминийге қосымша баж салығын енгізуіне байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) ресми шағым түсірді.
ДСҰ бейсенбі күні таратқан мәлімдемеде:
"Канада кейбір болат және алюминий өнімдеріне салынған кедендік баж салығына байланысты АҚШ-пен кеңесулер жүргізу туралы өтініш жасады", – делінген.
Канадалық тараптың мәлімдеуінше, АҚШ-тың қосымша салық енгізуі 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісімнің (GATT) нормаларына қайшы келеді, бұл АҚШ-тың ДСҰ-ға мүше елдер алдындағы міндеттемелерін бұзуын білдіреді.
ДСҰ ережелеріне сәйкес, Канада мен АҚШ 60 күн ішінде даулы мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп, сот процесіне жүгінбей, екі жаққа да тиімді шешім табуға тиіс. Егер бұл мерзім ішінде тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, Канада дауды ДСҰ комиссиясы арқылы қарауды талап етуге құқылы.
АҚШ-тың баж салығын арттыруы
АҚШ президенті Дональд Трамп наурыздың 12-сінен бастап Канададан импортталатын болат пен алюминийге салынатын баж салығын 50%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін, 10 ақпанда, ол шетелдік болатқа 25%-дық кедендік салық енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Бұл қадам Канаданың экономикалық мүдделеріне кері әсерін тигізіп, екі ел арасындағы сауда қатынастарына жаңа шиеленіс әкелуі мүмкін.