Munarmedia.kz | 18.07.2026 | ASTANA – БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (UNCITRAL) төрелік трибуналы Кашаган кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына қатысты аралық қамтамасыз ету туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы компания өкілдеріне сілтеме жасаған салалық БАҚ хабарлады.
Компанияның мәліметінше, қабылданған уақытша шаралар арбитраждық іс толық қаралып, түпкілікті шешім шыққанға дейін Қазақстан тарапының экологиялық айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуына қатысты әрекеттеріне шектеу қояды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі NCOC консорциумы 2,3 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды 20 шілдеге дейін өтеуі тиіс екенін мәлімдеген болатын. Министрлік талап орындалмаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу тетіктері қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.
Өз кезегінде NCOC халықаралық арбитраж аясында қабылданған шешімдердің сақталатынына және Қазақстан тарапы халықаралық рәсімдерге сәйкес әрекет етеді деп үміттенетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі NCOC таратқан ақпаратпен келіспейтінін білдірді. Ведомствоның ұстанымынша, арбитраждық трибуналдың аралық қамтамасыз ету туралы қаулысы Қазақстан соттарының экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салған 2,3 триллион теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алуына құқықтық тұрғыдан кедергі келтірмейді.
Еске салсақ, 2026 жылдың сәуір айында Астана қаласының соты Қашаған кен орнында белгіленген нормадан артық көлемде күкірт сақталғаны үшін шығарылған айыппұл туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған болатын.
Айта кетейік, Кашаган – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оны игеру жұмыстарын North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы жүзеге асырады. Оның құрамына бірнеше ірі халықаралық мұнай-газ компаниялары кіреді.
#Munarmedia #ASTANA #Қашаған #NCOC #UNCITRAL #Арбитраж #Экология #МұнайГаз #Қазақстан #ХалықаралықЖаңалықтар