Алматыда 2027 жылдан бастап жасанды интеллекті бар гуманоид роботтар шығарылады

42

Munarmedia.kz | 18.07.2026 | ASTANA – Алматы қаласында әлемдегі жетекші робототехника компанияларының бірі – UBTECH Robotics компаниясының алғашқы шетелдік өндірістік кәсіпорнының құрылысы жүріп жатыр. Зауытты іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Жоба аясында жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған гуманоид роботтарды өндіру көзделіп отыр. Бұл Қазақстандағы робототехника саласын дамытуға бағытталған ең ірі жоғары технологиялық жобалардың бірі болмақ.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, өндіріс орнын іске қосудан бөлек, жоба шеңберінде инженерлік-зерттеу орталығы ашылып, отандық мамандарды робототехника, жасанды интеллект және автоматтандыру бағыттары бойынша даярлау жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама Қазақстанда жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инженерлік кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба ғылыми-зерттеу жұмыстары мен инновациялық әзірлемелерді өндіріспен ұштастыруға жол ашады.

Айта кетейік, аталған инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі келісімге Қытайдың Шанхай қаласында өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылған болатын.

UBTECH Robotics – жасанды интеллектке негізделген гуманоид роботтарды әзірлеу және өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның өнімдері өнеркәсіпте, білім беру, медицина, қызмет көрсету және логистика салаларында кеңінен қолданылады.

Жаңа зауыттың іске қосылуы Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға, жоғары технологиялық өндіріс үлесін арттыруға және елдің Орталық Азиядағы инновациялық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

#Munarmedia #ASTANA #Алматы #UBTECH #ЖасандыИнтеллект #Робототехника #Инновация #Өнеркәсіп #Цифрландыру #Қазақстан