Каспийдегі әскери жаттығу кезінде қаза тапқан 14 сарбаздың ісі бойынша тергеу аяқталуға жақын

71

Munarmedia.kz-06.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық іс аясында 300-ден астам адамнан жауап алынған.

Сонымен қатар 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, алдағы уақытта тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Қазіргі уақытта осы іске байланысты сегіз адам қамауда отыр. Олардың қатарында:

  • Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы;

  • оның бірінші орынбасары;

  • жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары;

  • екі әскери бөлімнің командирі;

  • батальон командирі;

  • теңіз жаяу әскері ротасының командирі;

  • катер капитаны бар.

Тергеу аяқталғаннан кейін істің сотқа жолдану-жолданбауы және айыпталушыларға қандай құқықтық баға берілетіні белгілі болады.

#Қазақстан #Каспий #Әскер #ӘскериТергеу #БасПрокуратура