АСТАНА. 12.05.2026. Munarmedia.kz – Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы табиғи себептермен байланысты және бұл жағдай жалпы популяцияға қауіп төндірмейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, тіркелген өлім-жітім көрсеткіші жануарлар популяциясындағы табиғи шығын деңгейінен аспайды.
Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев қазіргі жағдай бақылауда екенін айтып, киіктердің қырылуы табиғи факторлармен түсіндірілетінін жеткізді.
— Қазіргі көрсеткіштер популяциядағы табиғи өлім-жітім шегінен шықпайды, — деді вице-министр.
Сонымен қатар министрлік биыл да киік етін сату мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда бұл шешім ғылыми-биологиялық негіздемеге сүйене отырып қабылданады.
— Киік етін өткізу өткен жылғы тәжірибе негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бірақ барлық шешім ғылыми қорытындыға сәйкес қабылданады, — деді Нұркен Шәрбиев.
Айта кетейік, 2026 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысы аумағында Орал популяциясына жататын киіктердің жаппай қырылуы тіркелген болатын. Әсіресе Қазталов ауданы, Бөкей ордасы ауданы және Құрманғазы ауданы аумақтарында өлім-жітім көп байқалған.
Ресми мәлімет бойынша, сәуір айының соңына қарай қырылған киіктер саны 3800-ден асқан.