Ақмолада әскерден алып қалғыш дәрігер сотталды

55

АСТАНА. 12.05.2026. Munarmedia.kz – Ақмола облысы аумағында әскерге шақыруды кейінге қалдыруға «көмектесемін» деп ақша алған аудандық емхана дәрігеріне сот үкімі шықты.

Целиноград аудандық соты анықтағандай, 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында дәрігер үш жас азаматқа әскер қызметінен босату немесе кейінге қалдыру мәселесін шешіп беруге уәде берген.

Әрбір «қызметтің» құны 350 мың теңге болған. Жәбірленушілер дәрігердің есепшотына ақшаны тұрақты түрде аударып отырған. Алайда іс жүзінде уәде орындалмай, қаражат дәрігердің жеке қажеттілігіне жұмсалған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Сонымен қатар жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген. Өз кезегінде зардап шеккен азаматтар дәрігерге қатысты шағымдарының жоқ екенін мәлімдеді.

Сот кінәні мойындау, өкіну және келтірілген залалды өтеу жағдайларын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Нәтижесінде дәрігер 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленіп, бір жыл бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.