Munarmedia.kz 05.02.2026 /Астана/ – Көкшетау қаласында Ақмола облысында тіркеліп, жұмыс істеп жатқан жеті саяси партияның облыстық филиал жетекшілерінің кездесуі өтті.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға облыс әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы Айтбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тоқтарқызы Каримова және саяси партиялардың өңірлік филиал жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев сөз сөйлеп, бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жиын барысында Қазақстанның жаңа Конституция жобасы мен соған байланысты жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар талқыланды.
– Бұл өзгерістер жай ғана заңнамалық түзетулер емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңғыртып, азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған нақты қадам. Жаңа Конституцияның басты қағидаттары – әділеттілік, жауапты билік және адам құқықтарын қорғау. Конституциялық реформа бүгінгі күн үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін қабылданатын шешім. Сондықтан баршамызды бірлесіп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге шақырамын, – деді ол.
Өз кезегінде партия филиалдарының жетекшілері ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, Конституцияның жаңа жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша саяси партия өкілдерінің ұсыныстары ескеріліп, алдағы уақытта бірлескен жоспар аясында жұмыс жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Munarmedia.kz – Көкшетаудан