Munarmedia.kz 05.02.2026 /Астана/ – Кеше Мәжілісте жаңа Конституция жобасы талқыланып, депутаттар құжатты жалпы қолдады. Талқылаудан кейін бірқатар халық қалаулылары бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме беріп, негізгі мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді.
Депутаттар Айдос Сарым, Екатерина Имашева, Ермұрат Бапи және Ерлан Саиров президент өкілеттігі мерзімін «нөлден бастау» мәселесі жоспарланып отырмағанын мәлімдеді. Ал депутат Базарбек бұл тақырыптың әлі де талқыланып жатқанын жеткізді.
Бұған дейін депутат Бейсенбаев комиссия отырысында президенттің бір рет сайлану нормасы өзгеріссіз қалатынын атап өткен болатын.
Айдос Сарым журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазіргі Мемлекет басшысы туралы пікірін білдірді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке барынша жабысып, оны сақтап қалуды көздейтін саясаткер деп ойламаймын, – деді депутат.
Сонымен қатар ол болашақта Тоқаевтың вице-президент қызметін атқаруы мүмкін бе деген сауалға:
– Теориялық тұрғыдан мүмкін. Бұл – президент лауазымы емес, – деп жауап берді.
Сарапшылардың пікірінше, егер Конституциялық комиссияның алдағы отырысында, атап айтқанда өтпелі ережелерді талқылау кезінде бұл мәселе өзгеріссіз қалса, онда жаңа саяси шындық қалыптасуы ықтимал. Мұндай жағдайда қазіргі президенттің өкілеттік мерзімі 2029 жылдың қарашасында аяқталады.
Осыған байланысты Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғары аудиторлық палата, омбудсмен институты басшыларын тағайындау тәртібі, сондай-ақ Құрылтай спикерін сайлау сияқты бірқатар маңызды нормалар келешекте елдің үшінші президенті кезеңінде өзекті болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Munarmedia.kz