Краков орталығындағы атыс: алты адам қаза тауып, 15 адам жараланды

65

Munarmedia.kz.08.11.2026.ASTANA-Польшаның Краков қаласындағы орталық базар алаңында белгісіз ер адам оқ жаудырып, салдарынан кемінде алты адам қаза тапты. Тағы 15 адам жарақат алды. Олардың арасында полиция қызметкерлері мен Германия, Австрия, Португалия, Ресей және Ұлыбритания азаматтары бар.

Польша прокуратурасының мәліметінше, күдікті — 24 жастағы Михал О. Ол көшедегі адамдарға шабуыл жасамас бұрын өз отбасының үш мүшесін — ата-анасы мен әпкесін немесе қарындасын өлтірген болуы мүмкін. Кейін олардың мәйіттері күдіктінің үйінен табылған.

Осыдан соң ер адам көлігімен Краковтың орталық алаңына келіп, AR-15 жартылай автоматты винтовкасынан айналасындағыларға ретсіз оқ атқан.

Полиция қызметкерлері күдіктіні атыс кезінде қолға түсірді. Оның өзі де жараланып, ауруханаға жеткізілді. Көлігінен қосымша қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылған.

Польша ішкі істер министрі Марчин Кервиньскийдің айтуынша, полиция алғашқы дабыл түскеннен кейін үш минут ішінде шабуылдаушыға қарсы әрекет еткен. Министр жедел қимылдың арқасында бұдан да ауыр жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туғанын атап өтті.

Шабуылдаушыны тоқтатуға қатысқан екі полиция қызметкері де ауыр жарақат алған. Польша премьер-министрі Дональд Туск әлеуметтік желідегі жазбасында полицейлер Якуб Кулик пен Артур Мораньскийді нағыз батырлар деп атап, олардың көптеген адамның өмірін сақтап қалған болуы мүмкін екенін жазды. Қазіргі уақытта екеуі ауруханада ем қабылдап жатыр.

Польша Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті әсіре оңшыл идеологияға қызығып, радикалды көзқарасты ұстанған. Оның әскери киім кигені туралы ақпарат тарағанымен, билік өкілдері ер адамның Польша қарулы күштерінде қызмет етпегенін мәлімдеді.

Қазір шабуылдың нақты себептері мен мән-жайы тергеліп жатыр.


#Польша #Краков #Атыс #Қылмыс #ӘлемЖаңалықтары #Munarmedia