Munarmedia.kz 13.10.2025 /Астана/-Латвия билігі ел аумағында тұруға рұқсатты (ВНЖ) ұзартуға қажетті мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмаған 841 Ресей азаматын елден шығару туралы шешім қабылдады. Бұл талап Латвияның жаңа көші-қон ережелеріне сәйкес енгізілген болатын.
Айта кетейік, азаматтардың бар болғаны А2 деңгейінде — яғни бастауыштан сәл жоғары деңгейде — латыш тілін меңгеруі жеткілікті еді. Бұл тұрмыстық қарым-қатынасқа ғана жететін қарапайым тіл деңгейі. Алайда, елде ондаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан көптеген ресейліктер осы қарапайым сынақтан өте алмаған.
Бұл нені көрсетеді? Елдің тіліне деген немқұрайдылық па, әлде тіл үйренуге табиғи бейімділіктің жоқтығы ма? Таңғаларлығы сол, көптеген иммигранттардың балалары ағылшын тілін бар болғаны бір-екі жыл ішінде жоғары — C2 деңгейіне дейін үйреніп шығады. Ал Латвияда ондаған жыл бойы тұрып жатқан ресейліктер тілді меңгеруге талпынбай келеді.
Латвия үкіметінің ұстанымы айқын: елде тұрақты өмір сүргің келсе — мемлекеттің тілін үйрен. Бұл талап — ұлттық бірегейлікті сақтау мен қоғамның тұтастығын нығайтудың ажырамас бөлігі.
Салыстырмалы түрде алғанда, Қазақстанда ЕАЭО елдерінің азаматтарына азаматтық алу кезінде қазақ тілінен емтихан тапсыру талабы қойылмайды. Бұл жағдай ел ішінде тіл саясаты мен азаматтық жауапкершілік мәселесін қайта қарау қажеттігін де көрсетіп отыр.