Munarmedia.kz 13.10.2025 /Астана/-Пәкістан армиясы Дюранд сызығы бойындағы қарулы қақтығыстардан кейін Ауғанстанмен шекарада орналасқан 19 бақылау бекетін өз бақылауына алғанын хабарлады. Бұл туралы Geo News телеарнасы қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, аталған бекеттер Ауған тарапынан Пәкістан аумағына шабуыл жасау мақсатында пайдаланылған. Исламабадтың мәлімдеуінше, ауған әскери күштері ешқандай арандатусыз Ангур-Адда, Баджаур, Куррам, сондай-ақ Дир, Читрал және Барамча аудандарында атыс ашқан.
Қарулы қақтығыстар 11 қазанда басталып, екі ел арасындағы шекараның бірнеше бөлігін қамтыған. Еске сала кетейік, Кабул үкіметі бүгінге дейін Дюранд шекарасын заңды түрде мойындамаған.
Өз кезегінде «Талибан» қозғалысының бақылауындағы Ауғанстанның Қорғаныс министрлігі Пәкістанның шекара бекеттеріне қарсы «жауаптық шабуылдар» басталғанын, кейінірек «Пәкістанға қарсы операцияның сәтті аяқталғанын» мәлімдеді.
🕊 Аймақтағы ахуал шиеленісіп барады. Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы бұл әскери қақтығыс өңірлік қауіпсіздікке жаңа сын-қатер төндіруі мүмкін.