«Qazaq Air» пилоттарының жалақы талабы: еңбек дауы ма, әлде саладағы жүйелі мәселелердің көрінісі ме?

34

Munarmedia.kz 12.10.2025 /Астана/ Қазақстандық аймақтық әуе тасымалдаушысы «Qazaq Air» компаниясының пилоттары басшылыққа ресми түрде жалақыны арттыру жөнінде өтініш жолдады. Олар командирлер мен екінші пилоттардың айлықтарын көтеруді, сондай-ақ түнгі рейстер мен ұшу сағаттары үшін төлемді ұлғайтуды талап етіп отыр. Бұл туралы «ZTB News» хабарлады.

Қазақстанның Көлік министрлігі компанияға еңбек заңнамасы аясында өтінішті қарау туралы тапсырма берді. Қазір жағдай ушығып бара жатқандықтан, еңбек дауы ішкі рейстердің кестесіне әсер етуі мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы авиация саласына арналған «Berkut 001» Telegram-арнасы жазды.

Компанияның меншік құрылымына көз жүгіртсек, 49% акциясы вьетнамдық «Sovico» тобына, тағы 49% — «Самрук-Қазына» қазақстандық инвестициялық холдингіне тиесілі. Қалған 2% — «Kazasia Holding Limited» иелігінде. Мұндай аралас меншік құрылымы компанияның стратегиялық шешім қабылдау процесін күрделендіреді.

Сарапшылардың пікірінше, пилоттардың жалақы мәселесі — тек қаржылық талап емес, саладағы жүйелі проблемалардың айнасы. Соңғы жылдары Қазақстанда авиациялық кадрлардың шетелге кету үрдісі байқалады. Негізгі себеп — еңбекақының төмендігі және жұмыс шарттарының халықаралық стандарттарға сай келмеуі.

Егер мәселе уақытында шешілмесе, бұл ішкі әуе қатынастарының тұрақтылығына елеулі әсер етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде аймақтық байланыстарға, туризм мен экономикаға да кері ықпал етеді.

Мамандар келіссөз процесінің ашық әрі жедел жүргізілуін маңызды деп санайды. Себебі ұшқыштар — әуе қауіпсіздігінің басты факторы, ал олардың әлеуметтік жағдайын елемеу стратегиялық саланың әлсіреуіне әкелуі ықтимал.